Ақ сөйле,ақын болсаң,биік сөйле,
Басыңды туған елге иіп сөйле,
Айтыстың жөні осы деп салғыласпай,
Әдеп пен әділетке сыйып сөйле.
Астамсып, алты Алашты алаламай,
Ақиқат ту астына сыйып сөйле.
Ұяты қалғып кеткен ұлықтардың
Азырақ нервісіне тиіп сөйле.
Әр шөптің басын шалып шұбатылмай,
Қамшының өріміндей түйіп сөйле.
Нұр шашып дүниеге өнеріңмен
Баласын адамзаттың сүйіп сөйле!
Жүргендер сендер ғана ақын-ақ деп,
Ойлай ма басқа жұртты ақымақ деп?
Тамыры ұлы өнердің терең жатыр,
Желкілдей беріңдерші жапырақ боп!
Мақтанып анаумын деп, мынаумын деп,
Ақпа-төкпе ақынмын, жыраумын деп.
Бос бөшкедей даңғырлап келсең дағы,
Мен сені керемет деп тұрғаным жоқ!
Әркімді әр нәрсеге теңейсің кеп,
Өзіңше кекеп-мұқап, шенейсің кеп.
Үрген қарын секілді күмп-күмп етіп,
Күшеніп өзіңді-өзің егейсің кеп.
Мұқату мұрат па екен ақындыққа,
Ойланам қандай мақсат көздейсің деп?!
Біреуді өңкілдеген өгіз дейсің,
Біреуді көң итерген қоңыз дейсің,
Қылжақпен алдап-сулап аңқау елді
Ойыңды әлденеге негіздейсің.
Жырдың жаны емес пе имандылық,
Ал сен болсаң,өмірде нені іздейсің?!
Тоқтаусыз фәни дүние өтері шын,
Мұратқа жаман сөзбен жетемісің.
Ақындар ізгіліктің қарлығашы,
Сен кеп пе ең адамдарды кекеу үшін.
Әркімді мазақтаудан басқа өмірде
Мағыналы түк бітірмей өтемісің?
Сен осы көп ештеңе оқымайсың,
Оқысаң да жөн сөзді тоқымайсың.
Көрінгенге компромат жиып-теріп,
Көң-қоқысты ақтарып шоқылайсың.
Шалшыққа шала-пұла шомылдырып,
Аптапқа қақтап қойған тотыдайсың.
Абайсызда намазын бұзып алып,
Байбаламдап бақырған сопыдайсың!
Аталы сөзден қашып сырғақтайсың,
Күйелеп адамдарды құр даттайсың.
Шалшықтан шөп-шаламды қалқып сөйлеп,
Тұп-тұнық тұңғиыққа бір батпайсың.
Біреудің тағдырына төреші боп,
Құдайдың заңын бұзып қылжақтайсың.
Қайдағы-жайдағыны тауып алғыш,
Денеден кір жинаған тырнақтайсың!
Жақсы сөйле халыққа сыр аңдатып,
Жаман сөз жараспайды қыранға түк.
Кір жұққан андай-мындай жерді көрсең,
Тіліңді жүгіртесің сумаңдатып.
Тіліңді тыға берме әр тесікке,
Қарай сөйле мәдени контекстке.
Тіліңді әр тесікке тыға берсең,
Айналып кетесің ғой тампекске!
Қойсаңшы құр желігіп жұлқынуды,
Ұмытпа ізгілікке ұмтылуды.
Біреудің тесігіне тіл жүгіртпей,
Өзіңнің бүтіндеп ал жыртығыңды!
Аңсайды ақын адамзат сыйласқанды,
Ойлы сөз, нұрлы әзілмен сырласқанды.
Қай мұратқа жетпекші адам ұлы
Мақсат қып бет жыртысып, тырнасқанды?
Жаман сөз жамандықты қоздырғасын,
Былғанып бұл дүние ыластанды.
Ұрыс-жанжал көбейіп, ашу-ыза,
Торлады қара түтін нұрлы аспанды.
Қайткенде тазартамыз бұл әлемді,
Деп толғайды шын ақын жыр-дастанды!
Б.Әлімжанов