Қалқатайым, шықтың ба қыр астына?

Қалқатайым, шықтың ба қыр астына?
Құртқашаштың гүлдері бүр ашты ма?
Жер жуалар бауырын көтерді ме,
Аққу-қаздар амандық сұрасты ма?
Көк масаты аймағың құлпырып бар
Тіршілікке қарай ма ынтығып тал?
Ел жайлауға көшті ме малын айдап,
Жұмыртқасын салды ма бұлдырықтар?
Көлеңкеден көктемнің суық қарын,
Көрген болсаң жатыр жер жуып тәнін.
Ақ отаудың көтеріп шаңырағын,
Қададың ба қолыңмен уықтарын?
Туған айдай көктемде көркіңді ашып,
Қара шашты өрдің бе толқындатып?
Құла мініп шаптың ба құба жонмен,
Қара жердің кеудесін солқылдатып?
Саған әлі бұлбұл ән шырқар келіп,
Жайнатады жүзіңді нұр таң беріп.
Ғашығындай жөнелтіп әр күніңді,
Оянарсың өмірге іңкәр болып.
Көктем-теңіз, көңілің кеме шығар,
Алдында өмір,
Тау толқын белесі бар.
Ойна, құрбым, жастықта
Жалғыз ғана,
Жабырқаулы жүретін мені есіңе ал!
 
Қази Данабаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *