Бәрін де балалықпен сезбедім-ау,
Ып-ыстық көрінеді көзге мынау.
Білімге қолын бұлғап шақыратын,
Күміс үн, жез таңдайлы, жез қоңырау.
Жүгіріп мен жеткенде құрақ ұшып,
Сол ағай қоңырауын тұрады ұрып.
Артымнан апам келіп сығалайды,
Өсірген ақ ботасын бұла қылып.
О, шіркін теңдесі жоқ көктем едің,
Көзімнен кейіндеген көк белеңім,
Құпиялап шешеме әлі есімде
«Қазір мен сағынамын, кетпе» дедім.
Анама қарадым да сергідім кеп,
Ананы бала ұқпас па, берді міндет.
Ұлы ұстаз, ұлағатты ойға тұнған,
Бас қойдым бұлағына бер білім деп.
Біліммен келешегім келер менің,
Біліммен биіктедім,тереңдедім.
Мен өзім ұстаз болдым жеткіншектер,
Көрдің бе, сол күндерден не өнгенін.
Оралып жас келе ме көзге мынау,
Шынымен қымбат бала кездерім-ау,
Анамды,
Мектебімді
Ұстазымды
Есіме салды тағы жез қоңырау.
Қази Данабаев