Сол жылғы қыс біздің көршіміз Толыбай деген шал, әйелінің аты Қағаз еді. Аты Қағаз болғанмен, заты қағаз емес, көмірдейқара, көзі аларған, тайпақ бет үлкен әйел. Мен ол кісіден тайсаламын. Қағаздың менен үлкен баласы бар, шешесінен түр-түсі аумағандықтан, онымен ойнау да қауіпті тәрізді. Сондықтан жалғыз өзім машинадан қалған ірілі-уақты дөңгелектерді тауып алып, жер жетпегендей күл-қоқыстардың арасында заулап жүремін. Езуім көпіргенше гүрілдеп, титықтайтыным сондай, бір күні жайма қораның шуағына маужырап, далада ұйықтап қалыппын. Толыбай қойды қораға қамайын десе, бір бұрышта пышылдап жатқан «құбыжықты» көріп, дүрлігіп кейін толқиды дейді. «Ішіне ит кіріп кеткен бе?» деп назарын салса, аузынан су ағып, дөңгелегін құшақтай құлаған мені көрген. Содан кейін үйдегілердің бәрі қорқытып-үркітіп, әр түрлі құбыжықтар жайлы айта бастады.
-Далаға ұйықтап қалсаң, шайтан қағып кетеді…
-Қаққанда қайтеді?
-Аузың желкеңе шығып, көзің тас төбеңде жанып тұратын болады?
-Ал, бұрынға аузы-мұрнымның орны тас болып бітеліп қала ма?
-Ол араға қалқиған құлақ шығады, сосын құлағы салбырап кеудеңе соғып, күндіз-түні дөңгелегіңді қуа бер.Шынымен қорқынышты. Осындай жантүршігерлік оқиғаларды көз алдыма елестетіп отырып, өткен жолы аман қалғаныма қуанам. Олар әлі де менің санама сіңіре түскісі келеді.
-Далаға ұйықтаған кезіңде перінің қызы Бекторы аңдып тұрып, жеп кетеді сені.
-Содан соң не болады?
-Сосын бүйтіп ирелеңдей отырып.
-Саусағын қимылдатып көрсетеді.
-Бекторының тамағынан өтесің де, ішегімен жүріп қарнына түсесің.-Қарнынан кейін қайда барамын?
-Одан кейін бе?
-Олар да ойланып қалды.
-Сосын қойдың құмалағындай жұмалап-жұмалап жерге түсесің де, сені «ап» деп қасқыр жейді. Қасқырдың атын естісімен үнім шықпай қалады. Осыдан соң біраз уақытқа дейін үйден ұзап кетпейтін болдым.Бір күні аулымызға беті қисайған бір кісі келді. Аузы желкесіне шыға қоймаған, бірақ жағының қапталында тұр. Сол арадан тамақтанып, сол арадан күледі. -Аға бала кезіңде далада ұйықтап қалған ба? -дедім. Әкем маған «Өшір үніңді» дегендей көзін алартқасын, аңтарылып қалдым.
Қази Данабаев