Қыстың суреті бәрінен де ғажап, бірақ соны қасына барып өз қолыммен ұстап көрейін десем, менің аяқ киімім жоқ. Сондықтан әжемнің сүйретіп жүрген ескі галошын іліп есікті ашып тұрамын да, төңірекке көз саламын. Әсіресе, ауылдан атты қонақ шықса болды, олардың ізінен абалап иттер де үре ұмтылады, солармен қат-қабат жалаң аяқ мен де жүгіремін… Себебі, үйдегі қонақтар атын жемдеп-сулап сәскелікте аттанады. Бұл кез қардың беті күн сәулесімен құбылып жататын ғажайып уақыт. Жер бетіне ақ түсті қар емес, нарттай жайнаған қызыл масаты төсеп тастағандай құлпырады. Сол қызыл масаты сыдыртқан аттың тұяғынан бұрқылдай көтеріліп, шашасына дейін қызыл бояуға көміп жібергендей ме… әйтеуір ат аяғының түбінен көтерілген қызыл шұғыланың ішінен жылтылдап, күміс тиындар шашырап ұшқандай болады. Тиынды жақсы көремін, ол менің омырауымда да, апамның шашбауы мен әкемнің қалтасында да кездеседі. Сондықтан шығар: «Е-е, қонақтың қалтасынан саудырап тиын түсіп жатыр екен ғой» деп ойлаймын. Солардың бірін де қалдырмай теріп алғым келіп, аттылының ізінен тұра жүгіремін. Оппа қарды ойып түскен тұяқтарының ізі ана жерде, мына жерде кішкентай шұқыр болып жатады. Қалтырап-дірілдеп тұрсам да, сол інгешектерге қолымды дендете жуан білекке дейін тығып сүңгітіп, әлгі тиындарды іздеймін. Қолыма, саусағымның басы тиісімен еріп жүре беретін мұздай қар ілінеді. Қанша рет еңбегім зая кетіп, құр алақан қайтып жүрсем де, қонақтың ізінен ере жүгіруді ауылдағы иттер де, мен де қоймадым. Сол кездері көзіме елестеп кететін күміс тиындар шынымен қарға шағылысқан күн сәулесі ме екен, әлде немене? Сәби жүрегіме қылаң беріпжатқан елеңнің алғашқы ұшқыны ма? Себебі, бүгінгі күнге дейін қыс айларында қар бетінен сол күміс тиындардың жарқылын көргендеймін.
Қази Данабаев