Кіндіктен жалғыз емеспін, меніңБибінұр, Бибанар есімді апаларым болды. Бибанар екі жастай үлкен, айла-тәсілден құралақан
8емес, әлденеге таласа қалсақ, бетімді тырнап алады. Сондықтан, шөп-шаламнан құрастырған ойыншыққа жармаспас бұрын, кейін шегіншектей отырып, бір қолыммен бетімді басамын да, екінші қолыммен тартыса бастаймын. Күшім жетпегендіктен кұнібұрын жеңілетінімді біліп, аузым былжырап жылайтыным және бар; естіген жан болса әлсізге көмектеседі, әйтпесе қолымдағыдан айрылып қала беремін.Бибінұр қамқор, білегімнен ұстап жетектейді, жүре алмасам, арқасына салып алуға да қауметі келеді. Бірде мені арқалап, ақ қабақтың баурайына жайылып жүрген ботаны ноқтасынан жетектеп түсе бергенде, ойнақтап келіп берсін… Екеуміз де екі жаққа құлап түстік, жылап жүрміз, біріміздің-бірімізге жанымыз ашиды… Үрейімізді ұшырып, дегеніне жеткен бота, бас жібін сүйреткен күйі есік алдына барып, әлі есімізді жия алмай жүрген біздерге «менімен ойнаған қалай болады екен?» дегендей масаттана қарайды.Маған су топырақтан қабырғасын тұрғызып, үстін малдың сағымен жауып, үй жасап беретін Бибінұр көптен бері жоқ. Елегзіп, бауырымды іздеймін, бірақ оның ізінен сұрау салуға шамам қайда? Ер жетіп, ес білген кезде байыбына жетсем, Қани деген атамыздың Ақтілеу деген жалғыз баласы өртеніп өліпті. Әке-шешесі жылап-сықтап үйденшықпай:-Бибінұр, бізге ермек болсын баламыздың орнына… Асырап алдық демейміз, кейінірек өздеріңе қайтарып береміз, -дейді.Әжемнің қарсылығына қарамастан, туыстарының көңілдерін қимаған әкем мен шешем Бибінұрды: «Бар, сол үйге бала бол» деп берген дежіберген. Өртенген баланың күйігі сол бір оттың басына оңайға соқпағаны рас, бірақ үлкен апамның үйден қол үзіп кеткені маған да ауыр соқты. Сағынып себепсізден себепсіз көп жыладым.Бибінұр барған туысқанымыздың үйіне де «ермек» бола қоймаған, сирағы майысып барып құдықтан су әкелу, самаурынның түтініне қақалып-шашалып жүріп шай қою сияқты жұмыстар -кішкене қыздың мойнына мінген. Осы хабарды есіткенмен, баласын алып қайтуға әкеміз құдайдан қорқыпты. Бірақ, бірінші класқа барған жылы каникулда Бибінұр біздің, яғни, өзінің үйіне қашып келді. Есі кіріп қалған қыз туысымыздың үйінен көрген ақірет-азарларын жылап айтқан соң, «барып, бала бол» деп айтуға ешкімнің жүрегі дауаламады.
Қази Данабаев