Ақындықтың өлшемі

Ақындықтың өлшемі өлең ғана,
Келсе қолдан жазып көр терең, дана.
«Өнер алды–қызыл тіл» деуші еді ғой,
Неге өлеңге бұл күнде керең дала!?
Ақындықтың белгісі жырдың жаны,
Ойдың нәрін татырса тілдің дәмі.
Қырдың әні түрленіп қылымдағы,
Құлпырмай ма тіріліп гүлдің бәрі!
Киелі жыр ақынға келген көктен,
Желік емес, желп етіп желмен кеткен.
Ақындықтың өлшемі–өлең ғана,
Жүрмейді оған пенделік, шен мен шекпен.
Алдауға да, ақынды мақтауға да,
Байлауға да болады, соттауға да,
Бірақ өлең бағынбас!
Бағынғаны,
Ұйқастырған қызыл сөз, оттау ғана!
Өттік біз де біраз өмір өткелін,
Көрдік қыс пен жазиралы көктемін.
Базынам да бар шығар-ау бірталай,
Адамдарға алғысым да көп менің!
 
Б. Әлімжанов
 
 
 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *