Арғы атаң түрік пен ғұн, батыр сақ та,
Хандықтың жартысын берген тұлпар атқа.
Адамзат алты қырдан бір-ақ асты,
Ең алғаш адам атқа қонған шақта.
Пырақты шырақ қылып түнек кезде,
Тәңірім берген шығар біздің баққа!
Күлтегін Алып шалшы арғымақпен,
Сан ғасыр сеңгірінен орғып өткен.
Қобыланды Тайбурылды тебініп қап,
Қазанның қамалынан қарғып өткен.
Зынданнан суырып ап Алпамысты,
Байшұбар жау заманын тар ғып өткен.
Шыдамай шабысына жер жарылып,
Шалқұйрық Ер Төстікпен ағып өткен.
Абылай Бөкең берген Нарқызылмен,
Шарыштың шойын басын қағып өткен.
ҚұйғытсаҚубас атпен ер Қабанбай,
Аумаған қауға тиген қалың өрттен.
Көсілтіп Кенесары Көкбурылмен,
Қазақты бодан қылмай, бар ғып өткен.
Сүліктей қаракермен Иманжүсіп
Бір өзі бір селоны дірілдеткен.
Құлагер серке санды, сері мінез,
Сергітіп сар даланы дүрілдеткен.
Қанат қып қазанатты қазақ елі,
Жалғасқан бергі бетпен, арғы бетпен.
Жарықтық бабаларым өз тарихын
Тұлпардың тұяғымен жазып өткен!!!
Кең дала жеңген талай жауыздықты,
Жеңгенін жаулары да аңыз ғыпты.
Тарихта ұлы өзгеріс болған екен,
Атаң ойлап тапқанда ауыздықты.
Жалғанның талай-талай жұрты болған,
Кең дала көздерінің құрты болған.
Тұлпар ат түрік үшін танкі десек,
Ауыздық басқаратын кілті болған.
Тұрғанда тізгін қолда, ерде тақым,
Кетпеген кең даланың құлпы қолдан.
Қазіргі тілмен айтсақ, ат-ракета,
Ауыздық электрон пульті болған!
Табиғат жаратса да көп ғажапты,
Ежелден ынтықтырған ат қазақты.
Жылқының жұлдызға да атын беріп,
Көкке ұшырған ақбоз ат, көк боз атты!
Қазағым қазанатпен еркелескен,
Ежелгі шығар ма екен ертегі естен.
Жүрісі су жорғаның жанға жайлы,
Кем бе еді «Джип»пенен «Мерседестен!»
Қыз қуып, көкпар тартса дала тынбай,
Қазақтың қанына от толатындай.
Доп қуса ат үстінде, шөген ойнап,
Жұлдыздар жерге таяп ағатындай.
Тұлпарлар құйғытқанда дүрс-дүрс етіп,
Жүрегі кең даланың соғатындай.
Мұндайда қиқу салып, селт етпеген
Жігіттер қазақ болмай қалатындай.
Жым болып жауыздық та жол береді,
Жүйріктің тізігініне оратылмай.
Шау тартып, шал болғанша шабандоздың
Тәні де, жаны да сау болатындай.
Жел қаққан жан сарайын азаматтың,
Қуатты қазанаттан алатындай.
Кентаврдай тұтасып тұлпар, жігіт,
Келешек ғасырларға баратындай!!!
Жеңе алмаған жылқыны,
Жиырмасыншы ғасырдың
Гүрілдеген темірі.
Қазанат пен қазағым
Бір-бірінің айнымас
Мәңгі-бақи серігі.
Бөлініп сірә,көрмеген,
Бір-бірінен сенімі.
Иен жатқан даланың
Еркелей басқан елігі.
Шоқтығына қол тисе,
Жігіттің ұстар желігі.
Көлбете шауып өткенде,
Көкке кетер қазақтың
Көкдөненнен жүйрік көңілі.
Ат болмаса алаштың
Не болар еді өмірі?!
Қыза шапқан ат қандай,
Жыр мұхиты-дастандай.
Жел көріктей кеудесі
Гулеп бара жатқандай.
Қос танауы делдиіп,
Даланың қанын қыздырып,
Үрлепбара жатқандай!
Жылқы–малдыңжүйрігі,
Түрік–елдіңтұйғыны.
Әуелден бірге жаралып,
Бір болғандай бұйрығы.
Қыл аяғы қобыздың
Қылы болып бебеулеп,
Тұрған жоқ па құйрығы,
Жылқы деген жарықтық–
Жаратқанның қазаққа
Айрықша берген сыйлығы!
Атсыз қалдық дегенше,
Тақсыз қалдық десеңші.
Байтақ қазақ баласы,
Бақсыз қалдық десеңші.
Кең далада тұлпарға
Үкілеп моншақ тағатын
Мөлдіреген қыз болсын.
Дүбірлете шабатын
Желбіреген ұл болсын.
Ерікті еркін халқымның
Орындалып арманы,
Басында бейбіт күн болсын!!!
Б.Әлімжанов