КӨККЕ АТЫЛҒАН КӨКБӨРІ

 
Қайтпай келген
Ештемеден беттері,
Диірменді
Үйіргендей лептері,
Вертолетпен аңға шықты бір күні
Бір топ дөкей
Дию құсап көктегі.
Ен далада
Еркін жүрген еркелеп,
Түз тағысын қуалады
Желкелеп,
Тар­тар етіп
Заманасын тарылтты
Төбесінен
Төніп алып вертолет.
«Мықты болсаң,
Көздемей­ақ нақтап ат!»
Дейді,
Кезек сақылдатып автомат,
Жұтады кеп арасында вискиден
Мергенсің деп бірін­бірі мақтап ап.
Оқпен тесіп көк желкесін,
Бүйірін,
Қанға бояп
Кең даланың қиырын,
Жанталаса қашқанымен
Құтқармай,
Қырып салды
Көкбөрінің үйірін.
Адам неге
Қанға құмар?
Айтарға
Тіл жетпейді…
Ал өздері байқар ма?
Жылыстады
Жараланған көкбөрі
Қары қалың
Ұңғыл­шұңғыл ойпаңға.
Ай­күндері
Туғандай боп оңынан,
Қызыл қанды
Сорғалатып қолынан,
Шайқалақтап,
Сай қуалап,
Қиқулап,
Көкбөрінің
Қуды келіп соңынан.
Жерге тақап,
Бір қырындап,
Ағындап,
Арлы­берлі
Өтеді атып,
Тарылдап…
Қансыраған
Жалғыз бөрі
Күрт тоқтап,
Қарды қауып
Алды бір сәт дамылдап.
Содан кейін
Көкке көзін қадады,
Ашу­кегі
Аспан, жерге тарады.
Өлім тілеп
Өлерменге өштескен
Ырылдады ол,
Борандатып даланы!
Кеудесіне
Сыймай соғып жүрегі,
Тырнақтары
Қарға қарыс кіреді.
Көктемірді
Бір тигізші қолыма,
Деп тәңірден
Жылап тұрып тіледі!
Бұлтқа асылып
Шығып алған басына,
Тарылдақты
Келтірші деп қасыма,
Шырқырады
Шыбын жаны шын тілеп
Азуларын қаршылдатып,
Ашына!
Түкірігі
Тесіп өткен от­пері,
Саған қылар
Қайрат, амал жоқ па еді?
Көктен түскен
Көктемірге кектеніп,
Көкке шапшып
Атылды кеп көкбөрі!
Айналмалы
Қалақшасы зырылдап,
Бастарына
Қонғандай­ақ бүгін бақ,
Өр аңшылар
Мазақтайды қасқырды
Қаны қайнап
Шапшып тұрған ырылдап.
Кім біледі
Қандай түлен түртіпті,
Әлде, бәлкім,
Аң киесін үркітті?!
Құлап түсті
Қас қағымда салдырлап
Қалағымен
Қағып кетіп күртікті.
Азуларын қайрай берді көкбөрі,
Ашу­кегі қайнай келді көкбөрі,
Қарға батқан
Қас жауына мініп ап
Көктемірді шайнап өлді көкбөрі!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *