ҚЫР АСТЫНДАҒЫ ҚҰЛЫН

 
Ойпаң жердің
Сыздау шөбін
Жалаңаяқ далада
Басып келем
Елестегі
Ұқсап ерке балаға,
Шегірткелер шыр­шыр етіп,
Ала қанат көбелек
Көлбеңдейді…
Жарты ғасыр
Өтпегендей арада!
Көбелектер…
Көмкерілген,
Қандай ғажап көрікті ең,
Шегірткенің шырылымен
Көбелектің
Билегенін көріп пе ең?
Көлп­көлп етіп,
Ала қашып
Алабұртқан көңілді
Алуан түрлі сәнмен алдап,
Төңкеріліп желіккен,
Қанатымен қағып өтіп,
Шақырады жарысқа,
Жүрек тулап,
Қызғанмен қан,
Баяғыдай қуа алмаймын
Неліктен?! .
Туған жердің
Жұпар иісі
Күрсіндіре береді,
Өткен күннің
Өшпейтін бір
Естелігі көз алдыма келеді…
Бала күнім,
Қырға шықтық
Әке­шешем, үшеуміз.
Көктем туып
Сарғалдақтар
Шешек атқан кез еді.
Гүлдің иісі,
Шөптің иісі,
Жердің иісі аңқиды,
Кеудең толып,
Көңіл шалқып,
Дүниені кезеді.
Қырда біздің биеміз жүр
Шідерлеулі,
Қосақталған құлыны,
Таусылмайтын қызық маған
Құлыншақтың қылығы.
Құшақтасам,
Тұмсығымен түрткілейді
Бүйірімді қытықтап,
Жал­құйрығы бұйра­бұйра…
Көзі – көлдің тұнығы!
Әкем күліп
Көк биенің басын сипай ұстады,
Күрпілдетіп
Көк шелекке шешем сауа бастады.
Аппақ сүттің
Көбігіне
Көз ала алмай қараймын,
Саумал иісі аңқығандай…
Құлын тулап,
Мені сүйреп қыстады.
Емгісі кеп
Енесіне
Ұмтылғанын байқадым,
Сонда­дағы
Жібермеймін,
Жер табандап тартамын…
Әке, шешем көкжиекке
Қарағанда күн сала,
Шелекті әкеп
Құлынымның
Тұмсығына тақадым…
Мамам ұрсып,
Қымызды айтып
Жұлып алды шелекті.
Әлі күнге құлағымда
Күлген даусы папаның…
Кітаптағы
Қызыл әскер
Орыстарға еліктеп,
Жирен қасқа құлыншақты
Мен Орлик деп атадым!
Құлыншақты
Бір қуаныш, құт көрдім,
Ата­анам да
Талабымды құп көрді.
Бағып­қақтым,
Жал­құйрығын
Сипап, тарап мәпелеп
Жем жегізіп,
Бөтелкемен,
Емізікпен,
Сүт бердім.
Аңыз болған өткендердің
Ойға оралтып өрлігін,
Елестетіп
Ел қорғаған
Батырлардың ерлігін,
Кең даланы дүбірлетіп
Емін­еркін еркелеп,
Ойға, қырға
Орғып­орғып
Ойнап өсті Орлигім!
Көп жылқының ортасынан
Шауып келіп тұратын,
Қойыныма жұмсақ жылы
Тұмсығын кеп тығатын,
Ерінімен алақанды аймалап
Сүт дәметіп саусағымды соратын.
Құлыншағым
Өсіп, малдың
Болды жүйрік ардағы,
Құйғытқанда
Бұрқырайды
Ен даланың шаңдары.
Ай­хай, шіркін,
Балалық шақ алаңсыз,
Бақыт күтіп
Күнге ұмтылған алдағы…
Суға кетіп
Оқудағы жан ағамыз Мейрамбай
Сол бір жазда
Біздің әулет
Жоқтау айтып зарлады.
Он тоғызда опат болды,
Тоқтап арман­көшіміз…
Ойран болды
Жан дүние,
Жүрек, ақыл, есіміз…
Қап­қара боп
Сөнді жарық күніміз…
Қасіретпен
Қан жұтқызды түніміз…
Күңгірт тартып бүкіл өмір,
Кең дала мен төңірек,
Жай түскендей
Бір­ақ сәтте қала бердік зеңгіреп.
Ағайынмен әкем барып
Алматыдан әкеліп,
Алты күнде
Ақтық жолға
Аттандырдық еңіреп.
Сүйеу болды
Біз бейбақтың
Құлағанда арысы,
Қолдан­қолға
Көтерісіп
Елдің жас пен кәрісі,
Зар мен сабыр…
Құлағымнан әлі күнге кетпейді,
Жоқтау айтқан анашым мен
Иман айтқан молдалардың дауысы…
Уақыт өтті…
Ес жиғасын есептерін түгендеп,
Әке­шешем ойға батты
Қарыздарын берем деп.
Басқа мал жоқ,
Сойып сатса Орликті
Жабады екен бар шығынын түгелдеп,
Ата­анама болмайды деп
Жыламсырап мұң шақтым,
Тағдырына
Тұлпарымның елеңдеп.
Анам жылап
Бір сипады басымнан,
Қайтейін деп күрсінді әкем,
Әжімдері тереңдеп…
Аштықты да,
Соғысты да,
Бейнетті де жеңгендер
Ойлап па екен
Мұндай қайғы көрем деп…
Амал қанша,
Басқа жол жоқ…
Бірақ та,
Айта алмадым
Мен бұл іске көнем деп.
Түніменен
Әр нәрсені алдым дейсің ойыма,
Тартсам деуші ем
Батырлардың сойына,
Тұлпар мініп,
Ту ұстасам деуші едім,
Марқұм ағам мазақтайтын
Қарап ал деп бойыңа,
Әсем әбзел­тұрман салып төгілтіп
Барсам деуші ем
Қалың елдің тойына,
Енді, міне,
Ертең соймақ атымды,
Өзімді­өзім қайраймын кеп,
Мойыма,
Мініп алып
Жер түбіне қашып кетсем қайтеді,
Иесіз арал…
Тау менен тас,
Орман, тоғай қойнына?! .
Бір жағынан,
Жүдеу, жадау
Ата­анамды аяймын,
Темір заман таршылығы
Көне қоймас ойныңа…
Ертеңіне
Алып келді ойнақтаған Орликті
Балуан тұлға жылқышылар
Қыл арқан сап мойнына!
Езуінен қан бұрқырап,
Қып­қызыл боп
Көлдей тұнық жанары,
Қыл арқанмен арпалысып,
Шыңғырды да,
Кенет маған қарады,
Қарады да тына қалды…
Мен де тұрмын қалшиып…
Кім біледі
Еске алды ма жануар,
Еркін жортқан даласы мен
Еркелескен баланы…
«Тоқта, тоқта!
Тоқташы, аға!»
Деп ұмтыла беріп ем…
Жарқ етті де
Өткір пышақ
Орып түсті…
Тамағын!..
Көрген кісі бір қарайтын қызығып
Күлтеленген құйрық­жалы сүзіліп,
Кете барды бір күрсініп
Көк жайлауға жануар,
Менің дағы көңілімде
Кетті әлдене үзіліп…
Бұл бір тарих,
Бастан өткен, көз көріп,
Тағдыр сырын сездік,
Бәлкім, сезбедік…
Туған жердің
Ой мен қырын аралаймын сағынып
Ойпаң басқа,
Ой да басқа,
Өңір кеткен өзгеріп.
Бір­бір жұмбақ
Әр адамның көңілі,
Қатпар­қатпар
Қазына ғой өмірі…
Жел сипаса
Жұп­жұмсақ боп тиетіндей бетіме
Жирен қасқа құлыншақтың еріні!
Қарасаң да талай жылдар
Қуанып та,
Мұңдана,
Тебіренте берер бізді
Сырға толы бұл дала…
Кейде маған елестейді
Кетіп бара жатқандай
Қыр астында
Құлдыраңдап
Бір құлын мен бір бала!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *