ҒАРЫШ ҚАЗАҒЫ

Хақ тағала аспан, жерді жаратқан,
Әр халықты әр қиырға таратқан,
Тілі басқа, түрі бөлек бәрін де
Күрсіндіріп зеңгір көкке қаратқан!
Қилы­қилы болса­дағы өткелі
Көкқұмарлық көкіректен өшпеді,
Могикандар аспандата ұран сап
Шумерлердің ойы көкке беттеді,
Мәңгі өлмейтін мифтерінде эллиндер
Көкке ұшам деп жанып кеткен жоқ па еді,
Көк түріктер көк тәңірге табынып
Көкке қарап ұлитұғын көкбөрі,
Көк боз ат пен ақ боз атты қосақтап
Қазығына арқандаған көктегі,
Қиялында көкте жүзіп жүргенмен
Түрік қолы көкке бірақ жетпеді!
Ай мен Күнді ардақтаған Алашым
Биіктерге баулитұғын баласын,
Көк дөненнен жүйрік қазақ көңілі
Шарлайтұғын жұлдыздардың арасын,
Киіз үйде отпен бірге алаулап
Ғарыш сыры арбайтұғын санасын,
Ұша алмады өзі бірақ, амал не,
Космодромға берсе­дағы даласын!
Кімдер ұшып, кім қонбады далаға
Хаттап, шоттап сана мейлің, санама,
Отыз жылғы өрендердің ішінде
Бір қазақ жоқ дегенге жұрт нана ма?!
Қып­қызыл от, зиян қалған ізінде
Ғарышқа ұшу пайда ма екен түбінде?
Тек әйтеуір келді қазақ кезегі
Мың тоғыз жүз тоқсан бірдің күзінде!
Қалды артыңда бодан болған қор шағың
Жеңді ақыры елдік атты ер сарын,
Алақанға салды қазақ баласы
Аттила да ала алмаған жер шарын!
Тына қалып тас кеуденің бұрқағы
Шырылдаған шындық көкке шырқады,
Күнге беттеп күндей күліп келеді
Күннен туған ер гүндердің ұрпағы!
Көкжалдығын халық көрген Тоқтарым,
Көкке жолды салып берген Тоқтарым,
Көптен бергі көк түріктің қайтпаған
Көп есесін алып берген Тоқтарым!
Қайратты да зейінді,
Айбатты да мейірлі,
Болған­ақ шығар осындай
Батырлары әлемнің
Бұрынғы мен кейінгі!
Алақаны күректей,
Саусақтары білектей,
Дыбыстан ұшқыр ұшақты
Дәл қондырған кемеге
Айдынын теңіз кірлетпей,
Қақ жарып мұзды мұхитты
Тоқтаусыз ұшқан полюске
Жанармай құйып аспанда
Жұмбақтан жүрек дір етпей,
Қиынның жеңіп талайын
Абыройға бөленген
Туған елін жүдетпей,
Атлас батыр секілді
Көк күмбезін көтеріп
Ұстап тұрған тіректей!
Қыран құстай достарымен табысты,
Құшақтасып, ер парызын алысты,
Иен далада арғымақпен шапқандай
Тоқтар кезіп келе жатыр ғарышты!
Нұр құйылып жүрегі мен санаға,
Көз жіберді тау мен мұхит, далаға,
Шексіз, түпсіз кеңістікте қалықтап
Өз жолымен бара жатыр Жер­Ана!
Айдынды шалқар су қандай,
Судан ұшқан бу қандай,
Керіліп жатқан кең дала
Тауға біткен ну қандай,
Осынша сұлу дүниені
Шарпысқан ашу­ызаның
Қара бұлты буғандай!
Аспан шексіз, мөлдір неткен,
Секілді бір мәңгі көктем,
Қолын созып, көз талдырып
Мұңлық небір өндір өткен,
Жер бетінің өнбес дауы
Ерді не бір еңіреткен!
Елді құртқан, ерді жұтқан
Таудай болған дау­дамай,
Қарағанда ғарыш жақтан
Тарыдай да болмады­ай,
Қолдан жасап қанды қасап,
Адам ұлы бірін­бірі
Аямастан жалмады­ай,
О, дүние, жалған­ай,
Кінә тағып жан біткенге
Бұл өмірге көп өкпелеп
Қойыңдаршы зарламай,
Зар көбейсе, пәле­жала ушығып,
Жер­Ананы жаралайды, арман­ай,
Көтере алмай соншалықты
Озбырлықты, жауыздықты,
Аярлықты, арамдықты
Күңіреніп Жер­Анамыз
Шексіздікке шеру тартып,
Күйіп кетсе не болады, Аллам­ай!!!
Құдай ортақ, Жер де ортақ, Күн де ортақ,
Көппен көрген ұлы тойдан кім қорқат,
Жалғыз өзі жетем дей ме мұратқа
Ортақ үйді ойрандаған жын­көрқап!
От­жалында өмір бақи жандың да,
Ақыл­естен біржолата тандың ба,
Қарапайым әрі дана ақиқат
Ей, адамзат, екі­ақ жол тұр алдыңда!
Жер бетіне сыйластықпен сыясың
Я желкеңді бір­біріңнің қиясың,
Өзгелермен өзің қоса қиылып
Біржолата тіршілікті жоясың!
Опырып­ап, ойып, отап тап­тақыр,
Тартып жерді көкпардай ғып қақпақыл,
Көздеріне үймелетіп көк шыбын
Бірін­бірі көрде өкіртті көп батыр.
Батырларды бір кемеге мінгізсе,
Біраз уақыт көк аспанда жүргізсе,
Ғарыш жақтан жерге бір сәт қаратып
Көп таластың керексізін білгізсе!
Насихаты емес жалған текке айтқан,
Ақиқаты өзек жарды көпке айтқан,
Айға қонған Армстронг аспаннан
Тәубә қылып, хақ мұсылман боп қайтқан!
Тәубә, тәубә, керек бізге көп тәубә,
Тәубәсіздер енді иманды жоқтауда,
Қанша ғасыр қасап болды қан сасып
Ей, адамзат, болмай ма енді тоқтауға?!
Ақ пен қызыл, қоңыр, жасыл түске ендік,
Жат жұрттарға көз алартып, тістендік,
Өзімізді артық санап өзгеден
Ұялмастан құрмақ болдық үстемдік!
Қанға сіңген сонау кезден ес білмес,
Ең ежелгі ессіз сезім ескірмес,
Алшаңдаған ақ нәсілден әлемде
Өзін артық санайды екен эскимос.
Табиғи заң екендігін түсінем,
Түңілмеймін нәсілінен, түсінен,
Теңдік заңға қол қойса да барлық ұлт
Өзін артық санайды екен ішінен!
Санай берсін, оған бола жынданба,
Қуан қайта, еңсе биік тұрғанға,
Қайтер едің сорлы болса кембағал
Сенен басқа халық біткен жалғанда!
Өзін­өзі қор санаған ел емес,
Өзге жұртты кекеп­мұқау жөн емес,
Артық емес бір халықтан бір халық
Нағыз халық ешкімнен де кем емес!
Жек көрмеңдер бір­біріңді тістене,
Ешкімге ешкім бола алмайды үстеме,
Өзіңді артық санасаң да өзгеден
Дәлелдеуге күшенбе тек, күштеме!
Жанын сақтап қала алмайды жасқанған,
Асқақтап та аса алмайсың аспаннан,
Барлық пәле бір­біріне адамның
Артықтығын дәлелдеуден басталған!
Кемсітпей­ақ өзге жұрттың орынын,
Қиын ба осы шын керемет болуың?
Мойындатам деп жүргенде басқаға
Қайырылып қалмасын өз мойының!
Пәле қумақ пешене ме пендеге,
Өмір жоқ па өктемдіксіз өңгеге,
Бағынуға міндеттімін мен неге,
Басқаруға тиістісің сен неге?!
Мен – қазақпын, сен – орыссың, сен – неміс,
Ел емеспіз ең керемет, ең кеміс,
Мен ұлымын, бағындырам дегеннен
Басталады бар ғаламдық сенделіс,
Біздің қазақ басынбаған ешкімді
Өзің айтшы, қалай еді сендегі іс?
Бір­біріңді жаулап алу –қиянат,
Бәріміз де бір кемеде – жердеміз,
Қоқан­лоқы, қақтығысты тый дағы
Жер бетінен жарасыммен тер жеміс!
Пәле іздеме досыңнан да, қастан да,
Мұңға батпа, жасыма да жасқанба,
Жаман ой мен ұсақтыққа салынбай
Жиі­жиі қарап тұршы аспанға!
Жат сезімді жүрегіңе өткізбе,
Көңіліңе кемшілікті көп тізбе,
Жамандықтан жабырқасаң жердегі
Жер бауырлап жатып қалмай, көкті ізде!
Жан білмейді періште ме, аруақ па,
Шексіз қуат, таза нұр бар ол жақта,
Тазалық пен сұлулыққа ұмтылшы
Құмар болмай қан төгіс пен қылжаққа!
Байлығың мен көптігіңе тасынбай,
Бір­біріңді бағындырып басынбай,
Бір бауыр боп тату­тәтті жүрейік
Қамыт болып мойнымызға асылмай!
Біз жүрейік сыйластықты ән қылып,
Жоқ өмірде одан басқа мәнділік,
Нағыз достық болады ғой тек қана
Тең халықтар арасында, мәңгілік!
Біз сыйлаймыз барлық елді ғажап қып,
Сен де, ғалам, құрметтей біл қазақты,
Өзгелердің азаттығын сыйлаудан
Басталады шын мәнінде азаттық!
Көз алартып мекеніне басқаның,
Ықтиярсыз топырағын баспағын,
Бәріміз де баласымыз ғарыштың
Мәңгіліктің бір сәтіміз қас қағым!
Ғарыш­Жердің ашып жаңа парағын,
Ай­әлемді айналдырып пырағын,
Екі досын – барша адамды құшақтап
Кең далаға қонды Тоқтар қыраның!
Жан сарайын жаңғыртқандай жел иісі,
Аңқылдаған жел әкелген ел иісі,
Аспан, ғарыш шын ғажайып болса да
Бәрінен де артық бейбіт жер иісі!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *