Ол кездер ойдан өшіп, алыстауда,
Шалғыдай тиген қаулы қамыс, қауға,
«Бір сиыр, я болмаса бес қой» деген
Бір үйге рұқсат болды мал ұстауға.
Бас шайқап қаталдықтың жобасына,
Бір қарап кеуіп қалған сабасына
Сиырды әкешешем тығып қойды
Немере апамыздың қорасына.
Алдауға, мектеп айтқан, болмайды деп,
Өтірік айтқан кісі оңбайды деп,
Қыпқызыл пионерміз, күйінеміз
Сәбетті неге әкеміз алдайды деп!
Ұмытты сиыр біраз өрісті енді,
Көк шөппен орып берген күйістенді,
Аралап аулымызды, малды санап,
Бір күні тексеруші орыс келді.
Жүр едік үй алдында асық ойнап,
Сақамен соғамыз кеп диды байлап,
Бізбенен еменжарқын амандасты,
Азырақ сөйлейді екен тілін шайнап.
Өзі біраз қызара бөртіп алған.
Жетекке лесепетін ертіп алған,
Бізге қызық… Емесау оған қызық,
Қызыл заман оның да еркін алған.
Қонақты балайтұғын ізгі адамға,
Баланың көңілінде сыз бола ма,
«Корова ес?» деп күліп сұрап еді
«Ес, ес» деп, алып келдік біз қораға.
Алдынан әлгі орыстың апам шықты,
Даусы да жайдағыдан қатаң шықты,
Қораға кіргізбеді жолын бөгеп,
Апаммен алысып көр, болсаң мықты!
Санамыз саясатты ұға алған ба,
Біз мәзбіз, орыс сөзді құп алғанға.
Қанады айызымыз сиыр бар деп
Апамның өтірігін шығарғанға.
Апам қолын сермелеп еңірейді,
Орыс бізше бірақ та тіл білмейді.
«Коброба нет! Нету!» – деп апам тұрса,
Бармын деп қызыл сиыр мөңірейді!
Шешем кеп, сарқыт қой деп кешегіден,
Ұсынды қызыл арақ кесеменен,
Қиналмай қағып салды қайран орыс
Жүгіртіп көз қиығын көшеменен.
Қаһарлы қаулы оны да көндірді ме,
Терге деп бейбіт елге төндірді ме,
Қызылкөздер тұтатқан қызыл өртін
Қызыл орыс қызылмен сөндірді ме?!
Кім білсін!? Адам екен, ұқты бізді,
Жазбады қағазына түктімізді…
Қызылсирақ балалар қызылсырап
Қызыл етке жеткенше бұлтты күзгі,
Қызыл заман қинаған сол күндерден
Қызыл сиыр аман ап шықты бізді!