Қазағым, қызың сұлу, ұлың мықты,
Толқытқан төрт мұхит пен құрылықты,
Даланың даналарын ғалам танып
Құрметпен беті бері бұрылыпты,
Әдебиет әлеміне келген жастар
Мұхаңның мұхитына шомылыпты,
Ғабеңнің орманында ойға батып,
Сәбеңнің жайлауында жылыныпты!
Ғабеңнің сөзі жанды гүлдей болар,
Жарқ етіп бұлттан шыққан күндей болар,
Әлемде асып туған қаламгердің
Қайсымен қатар қойсаң бірдей болар!
Ғабең мен Сәбең туыс, егіз еді,
Ақылой, сезімкүйдің теңізі еді.
Толыбай, Қожаберген түптамыры
Алашқа сері атанған Сегіз еді,
Осынау ұлылардың дара туған
Солтүстік топырағы негізі еді,
Алақандай ауылда бәрі бірдей
Апырмай, қалай туған дегізеді!
Ежелден Солтүстігім жел өтінде,
Елестей ескі күндер ел есінде,
Қазаққа үйірілген қара бұлттар
Алдымен Солтүстікке төнетін де.
Ызғырық Солтүстіктен жел еседі,
Бұлт көшіп, жер көгеріп, ел өседі,
Көрешегі көп елдің көзін ашып
Сенгені келешек пен кеңес еді,
Кеңес те кейін қалып, азат елдің
Алдында тұр бөлекше белес енді,
Тамыр мен тегін сақтап қалған халық
Еңсесін тіктеп жұртпен теңеседі!
Тоқтаусыз зырылдайды мәңгі жалған,
Шығады өмірүміт тағы да алдан,
Бұл жерде Есенейдің ерлігі мен
Сыңсыған Ұлпан қыздың әні қалған,
Батырдың саусағынан сусып кеткен
Тізгінді түсірместен қағып алған.
Айтады ескі аңызды ел жүйелеп,
Елдің сөзін Ғабеңдей ер жүйелеп,
Арманда ер Есеней өткен кезде
Ұлпан қыз қалған екен елге ие боп,
Ұлпанның осы күнгі кей сіңлісі
Басына жүрген жоқ па сөз күйелеп,
Сүйеніш болмақ түгілі азаматқа
Күйдіріп жүрген жоқ па көзге үймелеп!
Қарамай ханқараның қаһарына,
Көнбеген көгенделіп, маталуға,
Ғабеңнің қаламынан қайта туып
Аттанған мәңгіліктің сапарына,
Қыздары қазағымның көз тартады
Әлемдік арулардың қатарында!
Қазақтың еркін өскен ат жалында
Даласы оранғанда отжалынға,
Өлкесі оянғанға қуанса да
Жылаған кете ме деп жат қолында!
Көсемсіп күн ашықта қойқаңдаған
Талайлар дауыл соқса байпаңдаған,
Сол кезде жаны күйген жапжас Ғабең
Сеніммен алған беттен қайта алмаған,
«Бейімбет жау болса егер, мен де жау» деп,
Тажалдан тура келген тайсалмаған,
Патша келсе қозғалмас теңізмінез
Тереңнен тебіренбей шайқалмаған,
Қазақтың тілі жайлы қысым көрген
Заманда ешкім ашып айта алмаған,
Алаштың аруағы үшін айбат шегіп
Түбінен тасқұлақтың айқайлаған!
Қазаққа қара сөзді бесік етіп,
Түнегін тас кеуденің тесіп өтіп,
Ескірмес есті сөзін оқығанда
Естілер ойға батқан есі кетіп,
Алаштың аспанында жасай бермек
Мәңгілік мұзарт шыңдай Мүсірепов!
Мемлекеттің мәйегі
Ұйтқысы болған ұлтының
Ұяты болған жұртының,
Ғабең – сөздің зергері
Мүлт жібермес мергені,
Қазына болды халқына
Көргені мен тергені,
Елесі болып өткеннің
Есінде елдің сақталар
Өлшеусіз еткен еңбегі!
Сөзінің аумас орайы
Шебердің шыққан қолынан
Он екі өрім қамшыдан,
Тұңғиық түпсіз теңіздей
Танылған дәмі тамшыдан,
Сыны кетіп көрмеген
Соқса да дауыл қарсыдан,
Тайпалта тартқан тарапқа
Тайсалмай қатал талқыдан,
Сарапқа түссе шын асыл
Төмендемес нарқынан,
Жасқанып, сірә, көрмеген
Патша мен паңның парқынан,
Айәлемнің алдында
Асықтай түскен алшыдан,
Үлгісін көріп ұлылық
Өрендер өскен артынан,
Ғабеңдей ұлды тудырған
Айналдым дархан халқымнан!