КЕДЕЙДЕН ШЫҚҚАН КЕМЕҢГЕР

Даналарын жинасаң да бар елдің,
Ортасында орны бөлек Сәбенің,
Шежіресі әрі көркем суреті
Қазақ дейтін жұмбақ сұлу әлемнің!
Тұлғасы зор, қуаты мол, таудай тың
Байырғының шалдарынан аумайтын,
Аппақ кәстөм­шалбарын да аямай
Қараша үйдің киізіне аунайтын,
Май тамызып арғы­бергі аңыздан
Сөз аспанын самұрықтай шарлайтын,
Жан адамды жатырқамай, жарқылдап
Жақсылықпен жүректерін жаулайтын,
Академик­жазушыны бақыршы
Батырақ деп айтқанға ешкім нанбайтын!
Көкке жетем деген аз ба биіктер,
Мұзарттарды жақын көріп сүйіп пе ел?
Өз бойына өлшем таппас өрендер
Мәрт қазақтың мол шапанын киіп көр!
Қинағанда тағдыр­тарих халықты
Қоян­қолтық елмен бірге қалыпты,
Ашаршылық аран ашқан уақытта
Сапар шегіп туған жерге барыпты,
Қайткенде елді аман алып қалам деп
Бар беделін, күш­қуатын салыпты…
Ауылдағы бір ағаның үйіне
Сәлем беріп бірде түсе қалыпты.
Жеңешесі қайнап жатқан қазанын
Жасырмақ боп қақпағымен жауыпты!
«Ақ ордадай босағаңнан аттадым,
Қолы ашық деп өзіңді әркез мақтадым, –
Депті Сәбең, – не күн туды басыңа
Қазаныңның жабатындай қақпағын?!»
Аштық елдің түгін қоймай жалмапты,
Талшық етер аша тұяқ қалмапты,
Алдандырып балаларын қазанда
Су қайнатқан жеңгей сонда зарлапты,
Жал­жаяны кертіп жеген жайсаңдар
Тұз тағысын аулап жүрек жалғапты,
Қазы­қарта қайнататын қазанда
Асқан екен нәпақа ғып тарғақты,
Сонда Сәбең жұбатыпты жеңгесін.
«Сына көрме, жан едің ғой ардақты!
Амал бар ма аштық деген құқайға,
Тәкаппарға талшық болар тұқай да,
Қазанымнан құт кетті деп қамықпа,
Сый табаққа тышқан салар Қытайда!»
Төмендетпей, рухтандырып ауылын,
Бірге көріп замананың дауылын,
Бірге жепті бір жілігін тарғақтың,
Қайран Сәбең, бұлтыңдатып ауызын!
Қарапайым, кең жаралған кім мұндай?
Адам жанын ұға білген мұңлық­ай.
Тоқшылықта тең сыйласқан жандардың
Жоқшылықта кеткен сағын сындырмай.
Сол Сәбеңді сынағанша ағайын
Сәбең құсап ұлы істерді тындырғай!
Сезіп, білген байлық пенен кемдікті,
Кезіп көрген бойлық пенен ендікті,
Өмір бойы жырлап өтті айнымай
Адамзаттық теңдік пенен елдікті,
Шалқып жатқан мұхит­мұра толқытар
Небір маңғаз марғасқаны ең мықты,
Жазған құдай маңдайына Сәбеңнің
Даламыздың дәл өзіндей кеңдікті!
Өсер әлі небір ойлы өрендер,
Өткендерді бірақ оңай демеңдер.
От пен суды, мадақтауды адам боп
Кешіп өткен Сәбеңдей бола беріңдер,
Сөзі болып, өзі болып қазақтың
Көгіңде тұр кедейден шыққан кемеңгер!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *