Дүйсенбі Әріповке
Елсізде… Ерте кезде… Ерлібайлы
Екі атты келе жатты көңлі жайлы.
Көкжиек тына қалып, қызарғанда
Қонады таңдап тұрып жерді ыңғайлы.
Қоржынның қотарылып тола басы,
Тартқандай өздеріне қонақ асы,
Шұлғытып шөптің басын жел соққанда
Мырс етіп күлді ерсілеу отағасы.
«Көңілің ауды ма бір жұмбақ ізге,
Бейуақта күлгенің не құла дүзде?
Айтыңыз, – деді әйелі, – қызық болса
Күлейік сізбен бірге мына біз де!»
Егесі зайыбына бұрылды енді:
«Бірдеңе түрткендейау бүгін мені.
Мына жел қозғау салды бір жағдайға,
Қырық жыл тіс жармаған сырым еді.
Жас кезім, көрген емен жаннан қорқып,
Жапанда келе жаттым жалғыз жортып,
Жолықты бір жолаушы жапжас жігіт
Жүк артқан жеті түйе керуен тартып.
Әлгімен тілге келіп, болдым серік,
Керуенді айда деді, ақы беріп,
Қонғанда бір жерге кеп, қазынасын
Тонауға көңіліме кірді желік.
Қаперсіз күтті шайдың қайнағанын,
Қапысын табуды мен ойлағанмын.
Еңкейіп отты қозғай бергенінде
Бас салып ту сыртынан байлап алдым.
Ол айтты: »Жанымды қи, малымды ал да,
Мен саған қастық қылар халім бар ма?
Бір байдың жалғызы едім үйленбеген,
Мерт болсам, үзіледі тамыр қарға!»
Жан сырын жас бейбақтың тыңдамадым,
Арқанмен өне бойын шырмап алдым.
«Ашылар зұлымдығың, – деді бір күн,
Обалы жібермейді нахақ қанның!»
«Құлан жоқ, куә түгіл, құмай тағы,
Бұл сырды әшкерелеп кім айтады?»
Деп күліп, қыннан сапы суырғанда,
«Көрерсің, – деді, – бәрін жел айтады!»
Желкеден басып тұрып бауыздадым,
Тістеніп, көзінен жас тамызбады.
Кетпейді көз алдымнан күн батарда
Қызыл қан қорқыратып ағызғаным…
Малмүлкін базарға сап қылдым амал,
Саудагер сатып алды қоймай сауал.
Қосылдым сеніменен жылдар өте
Келген жоқ содан маған зауалмауал.
Қайтқан жоқ әлі менің күшқуатым,
Жайым бар жас жігіттей іс қылатын,
Жайындай жайпап келем жанжағымды,
Жел қане, шындықты айтып ысқыратын?
Бір тісім қанқұрт түсіп бұзылмаған,
Жағады қазықарта, қымыз маған,
Түптүгел төрт тұяғым, түтін түзу,
Жел қайда жанымды жеп ызыңдаған?!
Әлгі жел еске салды өткен істі», –
Деп күліп, бай сораптап шайын ішті.
Отырған әңгімені әрең тыңдап
Әйелі қайрай берді отыз тісті.
Егілді жүк басқандай талай батпан,
«Атқан ба алданумен арайлы ақ таң?
Бауырым пышағынан қаза болған
Жауыздың құшағында қалай жатқам?»
Сыр бермей күтіп ақыр қалғығанын,
Арқанмен байлапматап алды жарын.
Күйеуі ояна сап, ақырады:
«Әй, қатын, босат қане, қағынбағын!»
Әйелі ағытады шерлі сөзін:
«Тартатын сазайыңды келді кезің,
Қиянат қияметке кетпейт деуші ед,
Жел тербеп шыныңды айтып бердің өзің.
Ол жігіт емес еді тегін адам,
Ізтозсыз жоқ боп кеткен менің ағам!
Тапсырған аманатын жеткізді жел,
Ағамның енді сенен кегін алам!»
Күйеуі жанұшырып сабыр деді,
Әншейін мұның бәрі әзіл деді,
«Әлгінің сенің ағаң екеніне,
Айғағың бар ма кәне, әзір», – деді.
«Қарындас, жалғызым деп елеңдейтін,
Ерекше көрем сені елден дейтін,
Сапарға шыққан сайын, сағынышты
Сәлемім жетер саған желмен дейтін!»
Қырық жыл аймалаған тамағына,
Сапыны салды келіп сағағынан,
Қанішер қаза тапты ақырында
Өзінің кісі өлтірген жарағынан!