АЙҒАНЫМНЫҢ АЙЛАСЫ

 
Төндiрiп темiр шеңгел, жуан тармақ,
Сығымдап тартқандайын судан қармақ,
Абылай ордасының орнына
Ақ патша болды дейдi дуан салмақ.
Ыңғайлап Көкшетауды дуанына,
Жандарал, жандайшаптар қуануда,
Картаға тау мен орман, көлдi сызып,
Қамдады құралды топ шығаруға.
Айғаным ауыр ойға батты дейдi
Суық сөз шалынғалы құлағына.
Бекiндi қондырмасқа бөгделердi
Абылай атасының тұрағына.
Болса да дүлей дажал, қасқа дию,
Оңай ма Көкшетауды жатқа қию,
Және де өртейдi өзiн алты Алаштың
Ашықтан­ашық майды отқа құю.
Өткендi жырлайды жұрт көрген жандай,
Хақым жоқ қол сiлтерге елге нанбай,
Жат жұрттың жазбасына жабысқанша,
Аңызға атаң айтқан сенген қандай.
Айғаным әжемiздiң ақылымен
Аяңдап, сабырменен сөнбей, жанбай,
Алдынан отрядтың қарсы шықты
Қос батыр ағайынды Көлбай, Жанбай.
Екпiндеп, орман бойлап, өрмелеңдеп,
Суылдап келе жатқан дөңгелеңдеп,
Қарулы қалың топты күтiп алды,
Қолымен төсiн басып, көлденеңдеп,
Момақан жiгiттерден жөн сұрады
Қаланы салатұғын жер көрем деп.
«Көр, – дедi, – тауың, мiне, картадағы,
Көл мынау, дөңгеленген ортадағы,
Осы деп әпесердi иландырды,
Атақты Көкшетауың Арқадағы!»
Қаз, үйрек қаңқылдатып Қопа жақты,
Оранып ну орманға Бұқпа жатты.
Көк толқын көңiл жарын соқты көрiп,
Қаймағы бұзылмаған көп ғажапты.
Сөзiне батырлардың нанды дейдi,
Атынан түсе­түсе қалды дейдi,
Бұқпаның етегiне Көкшетауды
Қопаны жағалата салды дейдi…
Бұл күнде Көкшетауым өскен қала,
Арқаның ақ самалы ескен қала,
Ал бiрақ шын Көкшетау алыс жатыр,
Осыны ойға алады жұрт таңдана.
Қарысқан қарыс жерiн бермеймiн деп,
Мандатсыз аталарым неткен дана!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *