Жердің жүзін солқылдатып Дүлділі
Пайғамбарға Ғали келді бір күні,
«Күшім тасып бойға сыймай кеткенде
Көрсеткімақ келеді елге үлгіні.
Уысымда күлпәрә боп пұт тасы
Темірдің де бұзылады нұсқасы,
Шіркінай, шыр айналдырар едім бір
Қолға тисе сонда жердің тұтқасы!»
«Қайратыңа қорған ақыл, иман бар,
Сабыр, тәуба, бір Алланы ойлаңдар…»
Ақ жүзінен нұр шуағы төгіліп
Жанға жайлы жымиыпты пайғамбар.
Күш құйылып өн бойына қорғасын,
Аттаныпты ер айшылық жолға сын.
Жапан түзде жолықты бір қария
Іліп алған иығына дорбасын.
Сәлем алып әзиз ата толғанды,
Сәлден кейін жол жүргелі қамданды.
«Еңкеюге жібермейді қайран бел,
Алып берші, жерден балам, дорбамды!»
Дегендейін мен сізді ата, түсінем,
Сый, құрметін көрсетпекке ісімен,
Ғали батыр ат үстінен дорбаны
Ілмек болды қамшысының ұшымен.
Қозғалмады оған дорба алайда
Аламын деп жерден жұлып қалайда,
Қаһарланып қолын салды қаһарман
Түсетұғын емес тіпті оңайға.
Қайран қалып, «қу дорбаның бұ несі?»
Дүлей күштің үдей түсіп үлесі,
Үзеңгісін шірей тартқан кезінде
Кірді жерге Дүлділ аттың тізесі.
Жұлқыпжұлқып таусылғанда амалы
Дорбаны шал жерден іліп алады.
«Ұят болдыау сені әуреге салғаным,
Аман бол», – деп жүріп кете барады.
Адамзаттың асып туған батыры,
Айран асыр, астанкестен ақылы.
«Бұл неғылған керемет?» деп сұрады
Пайғамбарға қайта келіп ақыры.
«Мұсылманның тірегісің, шегесің,
Тегін емес құр дорбамен егесің,
Құдай саған жер тұтқасын ұстатты
Асылық қып, айналдырам дегесін!
Үйірмедің неге оңға, солыңа,
Шүкірлік қыл, жүрсің хақтың жолында,
Бұйырмайды пендеге әлем тағдыры
Жер тұтқасы жаратқанның қолында!»
Тәубаға кеп ойға батты арыстан,
Жастық арын шықпас болды қалыптан,
Хақтан қуат, пайғамбардан үлгі алып
Дін таратты Әзірет Әлі данышпан!
Бұл аңызға сеніңдер я сенбеңдер,
Астамдық қып әзәзілге ермеңдер,
Пайғамбардың өнегесін ойға алсын
Жерді допша тепкілері келгендер!