ӨМІРДІҢ ЗАҢЫ – ӨТУ, ЗАТЫ – ЖҰМБАҚ…

 
Сайдан сайғақ іздеме, айдан айғақ,
Кердеңдеме ат мініп, кисең жарғақ,
Қайғы­мұңсыз денің сау уағыңдағы
Қара су да болмай ма айран, қаймақ.
Табиғатқа түкірме, түбің бірге
Тарыққанда талшыққа жарар тарғақ,
Дүмбілез бен дүмшелер дүрдигенмен
Дүмі бос дүрбелеңде жолдан таймақ,
Кәрі күшті Алланың рахматы мол,
Күдер үзбе кезеңде тар жол тайғақ!
Адамды аспандатар арман жұлдыз,
Қияға қол создырар мұзарт шың, құз,
Мұратқа мұхит кешпей жете алмайсың,
Шалшықты шалпылдатпай айдында жүз,
Шалалық болғанымен адамзатта
Алалық жоқ жарасып татсаң дәм­тұз,
Үрімнің түбінде де тегін ойлап
Үлгісін елдің ұстай білсін ұл­қыз,
Өмірге босқа келіп кетпегенің
Белгі боп кейінгіге қалса бір із,
Кесек ой, үлкен жұмыс, ірі қимыл
Көр­жерді есепке алмай соларды тіз,
Әлемді алам демей, алдыменен
Ақылға өз бойыңа билік құрғыз,
Өзіңді өзің жеңіп алғаннан соң
Артылса өнегеңді жұртқа білгіз,
Жүргендер билей алмай әлсіздігін
Бастауға қауымды да болар қырсыз,
Көгерер көпшіліктің көсегесі
Көңілі көсемінің болса кірсіз,
Қылтадан қылт еткенді қуа берме
Көп нәрсе қолға ұстаған секілді мұз,
Уысыңда ештеңе қалмағанда
Сан соғып, қайнамай ма ішің ғыз­ғыз,
Көп сұлу көктемеде көлбеңдеген
Көрген түс, қайтқан құстай келгенде күз,
Ойдағы оюы ғып оятұғын
Қолында кемпір күздің кесте мен біз,
Құлазыр көңіл шіркін құлан көшіп
Секілді киік қашқан бір құба дүз,
Өмірдің заңы – өту, заты – жұмбақ
Тәуба ғып сол өмірге, шырай кіргіз!
 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *