Өмір жолы мың бұралаң,
Кешкен көп,
Көше де көп,
Көшелерді кескен көп…
Көнетоздау
Кір киімді қарт кісі
Есік алдын
Тазалайды бүкшеңдеп.
Көпшілікті
Кінәламан жаман деп,
Кірқоқысты шашады тек,
Амал жоқ…
Сыпырғышын
Сүйеніш қып
Аулада
Жүрген жанды
Елемейді адам деп!
Албырт көңіл алға ұмтылып,
Аптығар,
Кеуде соғып,
Дейді көрін,
Ат шығар,
Жанталасып
Бұрқыратқан жанжағын
Атақ пен тақ,
Кім біледі,
Бақ шығар?
Көкірегі
Көк тіреген көп дөкей
Түйір қоқыс
Тазалаған жоқ шығар?!
Үлкенкіші
Ластай берсе күнбекүн,
Қоқыс басып
Кетер ме еді жер бетін?
Сыпырғышын
Сырпылдатқан сол бір жан
Өз орнында
Атқармаса міндетін?
Кім біледі,
Тағдырына назалы ер,
Кемтар болса,
Қор санама, маза бер,
Бұл өмірді
Тазалаған кісіге
О дүниеде
Бұйырар ма таза жер?
Кім бөленер
Сауап пенен алғысқа?
Кім қалады
Обал, наза, қарғысқа?
Дүниені
Былықтырған байлар ма,
Бір бұрышты
Тазалаған байғұс па?!
Б. Әлімжанов