ҚАЗАҚТЫҢ БАЛАСЫМЫН

 
Аңсаған адамдардың жарасымын,
Арнаған туған елге бар асылын,
Қиялы көп болғанмен, зияны жоқ
Қазақтың мен де ақкөңіл баласымын!
Кейде тоқ, кейде болдым жүдеу­жадау,
Керек пе сөз көбейтіп бәрін санау?
Апырмай, мен де осындай болсам дейтін
Тұлға көп адамзатта қадау­қадау.
Ешкімнің биігіне таласпаймын,
Өзімнің жолым жатыр тарау­тарау!
Жалғанда жаманшылық қуыспаған
Адамдар ақ пейілді туыс маған,
Алла деп ақ сөйлегем домбыра алсам
Жалтақтап және ешкімнен ығыспағам,
Түсіме кіріп ұлы бабаларым,
Жолбарыс жон арқамнан уыстаған!
Су кетпесін мөп­мөлдір бұлақтардан,
От кетпесін тұтанған шырақтардан,
Белдерің бүгілмесін еңсең түсіп,
Арқаңа тірлік артқан сұрақтардан,
Ұзақ та мәнді болсын ғұмырларың
Қазақтың өлеңіндей шумақталған!
Мәңгілік жырлай берсін дала тынбай,
Жырларын өсе берсін бала тыңдай.
Көргенде жарқын жүзді адамдарды
Аппақ нұр жүрегіме толатындай,
Сол нұрды көбейсін деп дүниеге
Себемін қарлығаштың қанатындай!
 
Баянғали Әлімжанов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *