“Алтын ұя”, “Ұшқан ұя”, “Ұяластар” деген ұғым бар. “Ұяда нені көрсең, ұшқанда соны ілерсің” дейді қазақ. Қыран неге ұясын қияға салады? Қарлығаш неге ұясын үй ішіне салады? Әркімнің өз үйі – өз ұясы. Әлем-жәлемге малынған хан Сарайынан қашып шыққандай бол-ған Жиренше де “қайран, менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім!” демейтін бе еді қараша үйіне бас сұққанда. Иә, Ұя мен Үй төркіндес ұғым. Отау мен Отан да солай. Осы екеуі үшін талай өмір құрбан болған, талай тағдыр тал қармаған… Ар мен Ождан өре тұрған. Намыс пен Қайрат қиянат пен зұлымдыққа қарсы майдан ашқан!.. Ұяға жылан өрмелесе, балапан шырылдайды. Үйдің шаңырағы шайқалса, бесіктегі бала шырылдайды. Ұядан құс түлеп ұшады, үйден ұрпақ өсіп, ержетеді. Мәңгіліктің мекені – Үй мен Ұя.Әлімсақтан бері келе жатқан мынадай аңыз бар: бір Көкқұтан балапандарына жем тасып жүріп ұясына қайта ұшып келсе, онда қам-қаперсіз жайғасып алған Қарғаны көреді. “Е, адасып жүрген бір байғұс болды ғой” деп алғашында мұны елеп-ескере қоймайды. Арада үш күн өтеді, бірақ әлгі қарға кете қоймайды. Көкқұтан да бұған пәлендей мән бермейді. Төртінші күні төрт жүз көкқұтан ұшып келеді де ұясын қарғаға берген Көкқұтанды түте-түтесін шығарып шоқып өлтіреді. Мұны көрген Қарға да зәресі ұшып ұядан безе жөнеледі. Намыс тапталған жерде Ар аяқ астында қалады. Ұясын жат жайлаған құс пен Отанын сатқан ождансыз ұл да бұл олқы соғып тұрады. Ал олқылық түбінде бір опындырады. Аталмыш аңыз қай ұрпақтың да жадында болса игі…
И. Сапарбай