Аран

Бұрынғы ата-бабаларымыз мал жиғыш еді, бүгінгі біздер мал жегіш боп алдық. Қызыл көрсек қылғытуға әзірміз. Қандыауыз қандасымыз һәм қарсыласымыз – Қасқыр екеш қасқыр да қанжығамызда. Өйткені:

– Бір қазанға екі қошқардың басы симайтыны бесенеден белгілі;

– Бір тойда екі “жар” жоқ;

–Бір елдегі қос өкіметтің де көпке бармасын көргенбіз… Қасекеңнің бөлтірігі күшті ме, қазекеңнің бөпетайы күшті ме – қазірдің өзінде-ақ белгілі болып қалғандай. Бірінің ауызы – аран, бірінің күні – қараң, тұқымы тұздай құрып барады. Қарсыласына “крест” жорығын жариялаған қазақтың қарқыны, құдай салмасын, алабөтен! Жүгірген аң, ұшқан құсты құтайтатын емес. Қасқырға қой қалмағалы, түлкіге тауық табылмағалы қа-ша-ан… Содан ба екен, қазекең қазір бір-бірімен “мал-жан аман ба?” деп амандаспайды. Неге дейсіз бе? Неге деріңіз бар ма, бұл сәлем-сауқатыңыз жаңа ғасырдың кәдесіне жа-рамай қалғалы да біраз болды. Малы кетіп, жаны қалған ағайын қазір қаланы жағалап, базарды сағалап, сауырын сабалап әлек. Жолыға қалсаң, “іздірәстіңе” ыздиып жауап бергенсиді де өте шығады.“Басқа түссе, баспақшыл”. Алдынан малы, аузынан сә-лемі қашқан қандасқа “қайда асықтың?” деу де артық. Жанбағыстың жанталасына түскен жалғыз қазақ па екен, тәйірі?! Қалай болғанда да бір ұйқының кеміп, бір қалғудың әдірем қалғанын қапысыз аңғаруға болады. Ойлап қарасаң, “Оян, қазақ!” деп озан салғаннан гөрі “Қазақ, қайда барасың?” деген сауал әлдеқайда өтімді де өркениетті емес пе? “Бастан құлақ садаға” демекші, мейлі, ендігі жерде қазақтың жауы қасқыр-ақ бола қойсын, тек “қазақтың жауы – қазақ” болмасыншы!..

И. Сапарбай

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *