Ақын мен өлең

“Анасын көріп қызын ал,
Аяғын көріп асын іш”
– дейді біздің сыншыл халық. Дәл осы талап-тілекті ақынға, немесе оның өлеңіне таңып көрсек қайтеді? Біріншіден, өлеңнің адами-қоғамдық, өмірлік-өнегелік миссиясы айтып жеткісіз. Ол – ар мен ұяттың жоқтаушысы. Ол – жетім мен жесірдің қорғаны. Ол – ождан
мен намыстың найзагері! Ол – мұңлық пен музаның сырласы Ол…
Екіншіден, Ақын – өз дәуірінің өкілі, өз елінің азаматы, әлеуметтік сана-сезімнің қозғаушы күші. Ақынсыз Өлең жоқ, Өлеңсіз Өмір жоқ!
Рас, мынау алабажақ, ала өкпе, қым-қуыт тіршілікте өлеңсіз де өмір сүріп келе жатқандар аз емес шығар-ау… Бірақ Абай мұндайларға мынаны айтқан:
“Махаббатсыз дүние бос,
Хайуанға оны теңеңдер…”
Достоевский: “Дүниені сұлулық қана ұстап тұра алады” десе, сол Сұлулығыңыз – махаббат дүниесінің періштедей перзенті емес деп кім айтады?! Сөзіміздің “әлқиссасына” қайта оралсақ, өлеңіне қарап ақынды, ақынына қарап өлеңін танысақ керек. Әттегенайы да осы. Қайсыбір өлеңшілеріміз “Домбырам не дейді, мен не дейміннің” керін келтіріп жүрсе, қалай қынжылмассың?
Үйде отырып жұртына үн тастаған
Жалқау да аман, бүгінде жылпос та аман.
Өзге түгіл аз ба ақын арамызда,
Өміріне өлеңі ұйқаспаған?
Айтса айтқандай, өзі бір басқа, сөзі бір басқа өлермен дерден сақтасын құдайым! Екіжүзділік дейді мұндайды. Оның аржағында сатқындық деген сабазың тұр…
 
И. Сапарбай
 
 
 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *