Мәлішқұйрық
– Әке?
– Әу, Балам?
– Ұрыспайсыз ба?
– Қарадай неге ұрсады екем, әлде, бірдеңені?..
– Бүгін екі алдым…
– Неге? Неден?
– Неден десеңіз – тарихтан, неге десеңіз – ағаймен ерегесіп…
– Ағаймен? Ұстазыңмен?
– Иә, ұстазыммен. Ол кісі “Егер Әмір Темір болмағанда біз үйтпес едік, бүйтпес едік…” деп…
– Иә, сонсоң… Анықтап айтшы, былай?
– “Егер Әмір Темір Анкараны шаппағанда кешегі Еуропа бүгін бүйтіп құтырмас еді. Егер Ол жауыз Тоқтамыстың тоз-тозын шығармағанда орыс бүгін ормандай қауламас еді. Одан да бар күшін мына қара қытайға қаптатқанда ғой…” деп қайта-қайта қақсай берген соң шыдамай…
– Иә, немене, шыдамай шығып кеттің бе?
– Жоға, айтысып қалдық қой.
– Айтысқанда, былай, не дедің?
– Ақан серіні білесіз бе? – дедім ағайға.
– Ал ағайың не деді?
– Ол кісі ме? Ол кісі тарс кетті. “Ойбай-ау, Ақан серіні
кім білмейді? Бұл қай сұрағың? Ақан қайда, Темір қайда?” – деп ал кеп шүйліксін, ал кеп киліксін…
– Ал сен?
– Мен де қасарысып: “Онда Ақан сері Әмір Темірді
неге “Жігіттің падишасы” деп әнге қосып мадақтаған?”
деп едім, “Түсінігіңнің түрі осы болса, әкел бері күнделігіңді, мә саған Мәлішқұйрық!” деп еңгезердей екіні күнделігіме қонжитып қоя салды.
– Е-е, дұрыс болмаған екен…
– Кімдікі, әке, менікі ме?
– Екеуіңдікі де. Ұстазбен ерегеспеуің керек еді, балам…
– “Өткенге топырақ шашуға болмайды, өлгенді ғайбаттаған ғазауатқа ұшырайды” деп өзіңіз айтушы едіңіз ғой, әке?
– Оқу керек, оқып қана қоймай, оқығанды көңілге тоқу
керек, балам. Білгенге, тарихтан асқан ғұлама, уақыттан
асқан ұстаз жоқ. Ақан сері айтса, бірдеңені білген шығар. Кәне, және бір тыңдап көрелікші сол әнді (домбырасын күйлеп “Майдақоңырға” қосылады).
– Түркістанға баралықшы, әке, Иассауи бабамыздың
басына?..
– Барамыз, балам, көктем келсін, жаз шықсын..
И. Сапарбай