Өткен күннің бәрі естеліктің еншісінде емес. Бәріне
өмірдің өзі таразы. Таразының екі басына түскен сөздің
қайсысы салмақты, қайсысы ардақты екенін уақыт өлшеп, екшеп отырса керек. Адым бассақ неге Абай алдымыздан шыға келеді?:
“Әркімнің мақсаты өз керегінде,
Білмедім пысығын да, зерегін де…”
Дәл бүгінгі қазақы қаумет-қарекетімізді дөп басқандай! Әулиелік пе, көрегендік пе, болжампаздық па, не бұл? Әйтпесе, Сарышолақ жыраудың мына бір ауыз кестелі де кесімді сөзін алайықшы:
“Күнде жасып жүргенше,
Көздегі шерлі жас кепсін.
Құлдықпен өмір сүргенше,
Қанжығада бас кетсін!”
Мұның аржағында “мың өліп, мың тірілген” қазақтың
қасіретті де қасиетті тағдыры жатқан жоқ па?! Кешегі
Желтоқсан желектерінің көкейіне қона кеткен тастүйін
шешім, нартәуекел байлам да осы емес пе еді?! Бұл аз
болса, мына төмендегі төрт жолға үңіліңіз:
“Бағымның неге қайтқаны
Тәңірдің көңілі қалды ма?
Елімді билеп кете ме
Кешегі келген қаңғыма?..”
Жырау Сарышолақ пен Әулие Мөңке бірінің аузына
бірі түкіріп қойған дерсің. Жырау ерлікке шақырса, Әулие елдікке, есендікке еңсесін беріп отыр. Қасірет-қайғымен, арман-аңсармен, қанмен, термен келген теңдік, азаттықтың парқы мен нарқы қымбат, алды-арты абат болса игі деген күдік-күмән аралас қауіп-қатер де жоқ
емес. Қай кезде де қалғып-мүлгуге мұрсат бермейтін, қас қағым сайын қаперге алатын қастерлі сөз ғой бұл!
И. Сапарбай