Қызылкөз қызғаныштан, ілікшіл іштарлықтан келіп Алланың қаһарлы қарғысына ұшыраған Сайтан әулеті лағынет қамытын киіп осы күнге дейін Алланың көзіне тура қарай алмай, есесін Адам ата мен Хауа ана ұрпағы-нан алып жүр. Шайтан азғырғанда – адам іші алатайдай бүлінеді. Шайтан түрткенде – отбасының ойран-топаны шығады. Сайтан сақылдап күлгенде – сабырда сес қалмайды, сайқалда ес қалмайды…Осы күнде Сайтан әулеті едәуір өсіп, көзге ілініп қалды. Амалы қанша, соры қайнап әлі күнге дейін біз сияқты егемен ел бола алмай жүр. Сонысына қарамай өсімтал да өнімтал. Олай болатын себебі, Алланың кәріне кезігіп, қарғысына ұшырағандардың бәрі де Сайтан әулетінің санатына қосылып жатыр, қосылып жатыр… Дүйім дүниеге тарыдай шашылып кеткен немелерді, жеме-жемге келгенде ұстап көріп, түстеп тану да қиын. Қай елде жүрсе сол елдің сойылын соққан болып, содырдың қолына шоқпар, сойқанның жолына көкпар тастап жүргені. Мен қорықсам, осы әулеттен қорқам.
И. Сапарбай