Алла емес, жердегі пенделер ныспылаған әйгілі төрт
пайғамбардың бірі Ескендір Зұлқарнайын ақтық ауасын
алқына жұтты да, ақтық демін шығарарда мынаны әрең-
әрең айтып үлгірді:
– Табытқа салар алдында оның бір жағын тесіп, қолымды шығарып, алақанымды ашық қалдырыңдар. Сөйтіңдер де адамы көп алаңмен алып жүріңдер. Жұрт көрсін – жер-жаһанды жаулаған Ескендірдің де мынау фәниден бақиға түк өндіре алмай құралақан қайтып бара жатқанын! Жинадық, тердік, сандыққа салдық, қапшыққа тықтық… бәрі әдірем қалды. Сорым құрысын, сорым!.. Дүние – сусыған құм екен, уыста ұстап тұра алмадық. Дүние – сырғыған су екен, ындынды қандыра алмадық. Дүние – сыңсыған ну екен, көзді тойдыра алмадық. Ақыр соңында айдалада, жат бір елде Әзірейілдің ырқына көніп, Ажалдың құрығына іліктім. Артымда тек анам… қайран, анам қалып барады. Одан өңгесі көзіме көрінер емес. Айтыңдаршы анама… жеткізіңдерші… мәңгі өлмейтін бір адамды тауып (бар болса), екеуі мені
жоқтап жыласын…
Сондағы жоқтау мынау:
– Қайран да, ұлым, қайран да,
Жапырағыңды жаңа жайғанда,
Баптанып атқа міндің де
Аттанып кеттің майданға.
Сүйретіп жүріп тоздырған
Сүйегің қалды қай маңда?
Жетпегір ұлың өлді деп
Жел ұлып жатыр ойдан да,
Жел ұлып жатыр сайдан да.
Құдайдың зарын құп алмай,
Ажалдың барын білдің-ау,
Басыңнан бағың ұшқанда,
Астыңнан тағың тайғанда.
Қайран да, ұлым, қайран да,
Қайран да, ұлым, қайран да..
И.Сапарбай