Ақын Исраил Сапарбайдың қысқа өлеңдері

* * *
Ежелден қаным менің қырық сідік,
Намысым, намым менің – Түрікшілік!
Көктейін көктем сайын Байтеректей,
Кетпейін қу томардай іріп-шіріп…
* * *
Тәнім өледі,
Қабыр қалады.
Талым өнеді,
Тамыр қалады.
Талым дегенім – еңселі Еменім,
Тамыр дегенім – өлсем, өнемін!
* * *
Ей, оғылан, ұмытпа, Ұстаз – ұлы бағбаның,
Өміріңе өнеге – өшпес тәлім алғаның.
Жарық болар жан-жағың, орындалар арманың,
Көкірегіңе жаға алсаң ұлы ұстаздың шамдалын!
* * *
Қасиеттің қадірін қас надандар нағылсын,
Қай кезде де қасыңнан жақсы адамдар табылсын.
* * *
Жақсылардың әр сөзі – жан азығы, білгенге,
Бір-біріне қарайлап ажар ашар гүлдер де…
Жын-жыбырмен шатасқан аулақтау жүр нәкәстан,
Берекелі сөз шықпас бейпіл ауыз бақастан.
* * *
Қара сөзден балқытып бал құйғанда таңдайға,
Өшті деген өмірің қайта өршіп жанбай ма?!
Кім біліпті жалғанда жазылғанын маңдайға?
Тәңір біреу болғанмен тағдырды адам таңдай ма?.
 
* * *
Батырдың бір жауы бар Сатқын деген,
Алла атын ауызға алып ақпын деген.
Жақсыны жанай жүрген Жантық аз ба,
Тілінен бал тамызар тәтті у менен!?.
* * *
Аңшыдайын адасқан Қансонарда
Қанша сорға кез болдық,
Қанша лаңға…
Жасақ жинап “Абылай алаңына”,
Өз тағдырын жас ұрпақ алса қолға!..
* * *
Қашанғы өзді-өзіңнен өш аласың?
Қазекем, ойладың ба осы арасын?
Ақын мен Атымтайға төрін беріп,
Ақылды ел әз тұтпай ма босағасын?!
* * *
Тіршілік мұнар, тіл шұбар…
Хәлімды менің кім сұрар?
Бірлікке бастар түрі жоқ
Тірлікке мынау кім шыдар?
Сүйектен өтіп сыңсуы,
Жиектен жылап Күн шығар…
* * *
Бір-біріңнің артыңа шала байлап,
Үлкеніңді саласың балаға айдап.
Тәңіріңді танымай,
Тайқазанда
Шала пісіп жатасың, шала қайнап.
Сауысқанның салтындай ала қанат,
Бір-біріңді жатасың жағадан ап.
Берекең жоқ болған соң бейіл бұрар,
Ел екен деп кім сені бағаламақ?
* * *
Жүгім барын сезінем,
Жұрттың қамын
Жұмыр басты пендедей жегенімде.
Үнім барын сезінем,
Ұлы сөзге
Ұятымды, арымды жегерімде!
* * *
Бас құлықсыз құлаққа,
Тез жүрмейді құнысқа.
Жата берсе қынапта,
Қылыш шіркін қылыш па?!
* * *
Жүрегімді түбінен
Қазатын жан бар ма екен?
Жан жарасын тілімен
Жазатын жан бар ма екен?..
* * *
Замананың зар-уайым толғағы ем..,
Тоты құстай торықпасын торда Өлең.
Турабиден тұяқ қалса – ол да Мен!
Ұлы жұрттан ұят қалса – ол да Мен!
* * *
Жалғыздық – сырбаз сыңарым,
Жарық күн – әуре-сарсаңым.
Пейіштің жүзі – құмарым,
Перінің қызы – аңсарым.
* * *
Пенденің мұңы – жанбағыс,
Кірпікке інжу ілдірген.
Фәнидің дәмі – алданыш,
Бақидың мәнін кім білген…
* * *
Халықты құл деме,
Ол – Алланың есімі,
Әйелді күң деме,
Ол – әлемнің бесігі!
* * *
Арнаңнан асып-таспа –
Төгіліп қаласың.
Көпке топырақ шашпа –
Көміліп қаласың!..
* * *
Солып барам, құдай-ай, солып барам,
Соңғысы ма ем сорлының соны ұқпаған?
Қай төленің ішіне басым сұғып,
Қай төбенің басына қонып қалам?..
* * *
Тастап шығып тығынсыз Құмыраны,
Жын-перімен жымдасты ұры-қары.
Қалтаңдаған қайықтай, қайран дүние,
Қай жартасқа қай күні ұрынады?..
* * *
Жамылып жатамын да қалың ойды,
Аңсаймын кешегі өткен Абылайды…
Пақырға аспандағы наны қайғы,
Патшаға астындағы тағы қайғы.
* * *
Ұлылықтың ұғынбай Әліппесін
Адам ұлы бола ма қағып төсін?
Әкім де емес,
Хан да емес,
Әркім де емес,
Біртуарлар бастайды халық көшін!
* * *
Суық ұрса, кетпей ме шетінеп гүл?
Қайда бүгін қызылы екі беттің?
Өзенімде – көз жасы жесірлердің,
Өзегімде – өксігі жетімектің.
 
* * *
Жаратқан пендесіне дамыл берер,
Ғайыпты сен көрмеген жаның көрер.
Тіршілік ұясына дән салғандай
Тірілер қара жерге тәніңді егер.
* * *
Мендегі мұң мен зар бөтен,
Тұншықты-ау жаным түнекте:
Ем болар ермек бар ма екен
Езілген мынау жүрекке?
* * *
Сақал да жоқ, мұрт та жоқ,
Айта алмадық жұртқа әдеп.
Абыройдан айрылдық,
Ақтан біраз ұрттап ек…
* * *
Кеткім келеді бір жаққа, кеткім келеді,
Көзіме менің сыймай жүр көктің көлемі.
Күннің де қажет болмай тұр күлімдегені,
Гүлдің де қажет болмай тұр көп гүлдегені,
Кеткім келеді бір жаққа, кеткім келеді…
* * *
Қайдан өмір тусын
Екі рет мені,
Қалғыма, арман-құсым,
Көкіректегі!
Шашағыңмен ізгі
Шашыра, таңым.
Шафқатыңмен бізді
Асыра, Тәңір!
* * *
Тағдырыңды тұл қылма,
Тамырыңды жұлдырма.
Алтыны бар құмның да!
Құдайы бар құлдың да!
 
* * *
Аурудан айық, емге көш,
Айналсаң мұздай мүсінге:
Адамның бәрі пенде емес,
Ібілісі де бар ішінде!
Болмасын десең еңбек еш,
Еңсеңді төмен түсірме:
Адамның бәрі пенде емес,
Періштесі де бар ішінде!
* * *
Кәлимаға тіл сындыр,
Құдайға қол ұмсындыр.
Өлім деген – жұмбақ ән,
Өмір деген – тылсым жыр!..
* * *
Жамыратса толқынын Өмір-теңіз,
Жабайыдай жағада неге үркеміз?
Бордақыға байланған тән мен жанды
Өтірікпен, өсекпен семіртеміз.
Іркіт іштен, шіриді балық бастан…
Арманыңды қайтейін алып қашқан?
“Бас-басына би болған өңкей қиқым”
Абай сөзін жүрсің-ау әлі ұқпастан.
* * *
Тағдырыма не дермін?
Жарық күн жоқ жайнаған.
Аспаннан бұлт, менен мұң
Арылғанша қай заман?..
* * *
Іштен балқып жүргенде, іштен еріп,
Жұмақ шіркін жатпайды түске де еніп.
Ұлылықтың ұғымы ұлан ғайыр,
Кісілікке жарасар – Кішкенелік.
Кішкенемін,
 
“Кішілік – мін” демелік.
Ұлы болар ұл туса, күндемелік.
…Тал ағашы жанында жайқалса да,
Бал арасы қонады гүлге келіп.
* * *
Тағдыр, мені бірде ұнат, бірде ұнатпа,
Мінбей-ақ та қояйын дүлдүл атқа.
Ерік берсең болғаны жалғыз ғана
Бұрғылаған кеудемді бір бұлаққа…

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *