НАЙЗАҒАЙ

 
Кенеттен жан-жақ түнерді,
Шулады орман сол күні.
Шулады шөбі, гүлдері,
Өзен де қатты толқыды.
Бейне бір жерге тасталған
От шашқан отты найзадай.
Түнеріп тұрған аспаннан
Жарқ етіп түсті найзағай.
Құйды кеп нөсер жер-көкте,
Дүние түгел малшынған.
Дірілдеп тұрды әйнектер
Тасырлап соққан тамшыдан.
Шықтым да қарсы дауылға,
Қаһарын күттім аспанның.
Жерім жоқ мүлде ауырған,
Келмейді тіптен жасқанғым.
Найзағай ойнап үстімнен,
Дауылды нөсер өтті енді.
Сескенте алмай күшімен,
Жасыта алған жоқ мені.
Тұрмын бір батыл сеніммен,
Қуана соғып жүрегім.
Еш дауыл туған жерімнен
Бөлмесін анық білемін.
 
Ақұштап Бақтыгереева

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *