АЗИЯ

 
Айдай анық, өзі жылы,
Аты таныс әлемге.
Сыры жұмбақ
Ұқсатамын
Ұйқыдағы әйелге.
Жүзіңде бар ақылдылық,
Бойыңда бар күшің де.
Қанша сыр бар,
Қанша дастан
Киіз үйдің ішінде.
Бұзды ұйқыңды
Қанша дауыс тосыннан,
Түндер өтті-ау
Моңғолдардың
Ат тұяғы дүбірінен шошынған.
Қызыққандай кең далаңа
Көп болды анық жауларың.
Сол кездегі
Боздақтардың
Моласы ма тауларың?
Қанша сенің ұйқысы жоқ түндерің?!
О, Азия!
Тыныштықты білмедің.
Қанша сенің қан сімірген
Өрт шарпыған гүлдерің?!
Бірақ бүгін ұқсатамын
Сені сынбас асылға.
Бәрін жеңдің,
Жалғастың кеп
Жаңа,
Жарқын ғасырға.
Бүгін сенің шырқалады
Ән мен жырың таусылмай.
Атты әскердің
Қырқадағы
Тұяғының даусындай.
Жасыл шалғын жайқалады,
Белесіңнің гүлі де.
Күміс жүген сылдырындай
Естіледі бұлақтардың үні де.
О, Азия, саған жырым
Ғасыр қанша тастаған.
Ұйқыдағы арудайсың
Әлі ешкімге
Сырын толық ашпаған.
Сырт көзге сен мейірбансың,
Тыныш жатқан жайлау, ән.
Жауың үшін
Қас батырсың
Суық қанжар байлаған…
 
Ақұштап Бақтыгереева

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *