ЕМЕН
Ылғалды қанша көтермек,
Ауырлап бұлттар төмендер.
Найзағай жақын екен деп
Селт етпес бар-ау емендер.
Алғашқы қатты жауыннан
Қалтырап аздап жапырақ.
Өзгертпей өңін далиған
Жатады дархан атырап.
Құлардай жерге көк аспан,
Шатырлап барып тынады.
Одан соң нөсер толастап,
Ақ жауын сеуіп тұрады.
Жауынның соңғы өнері –
Қаулайды шалғын төменде.
Найзағай соққы береді
Биіктігі үшін еменге.
Бұтағы жерге сынады,
Жапырақ ұшып жаңбырға.
Сонда да емен тұрады
Өршілдікпенен алдыңда.
Селдеткен мына өңірді
Нөсерге, емен, ал шыда!
Қалдыру үшін көңілді
Жетеді-ау кейде тамшы да.
Найзағай тиді дәл, міне,
Құлады емен кешінде.
Сол емен жайлы әңгіме
Әлі жүр елдің есінде
* * *
Білгіш көкек,
Айтшы маған,
Рас дейді таңдағы үн.
Бақытыма жолығуға
Қанша жылдың қалғанын.
Қанша қалды арманыма
Жолығатын күндерге?
Айтшы бәрін, жақын қалды
Деп қуанып жүргенде.
Ақ сағымдай үміт деген,
Тек жеткізбей,
Алдайды.
Мен бақытқа күдіктенем,
Қолға өзі кеп қонбайды.
Сонда маған дана көкек
Былай дейтін тәрізді:
«Шын бақы
тты күту – бақыт,
Күткен өмір маңызды.
Сүйіп өмір сүргендердің,
Сенгендердің жаны ізгі».
Бақыт деген – менің үшін
Жастық шақтың жылдары.
Көңілдетіп орман ішін
Көкек шырқап тұрғаны…
ҰШҚЫШҚА
Ұша бер.
Мен сендікпін.
Күтудемін.
Жүректің сендік әнін бітірмедім.
Бір сендік екеніне жетер көзің
Бойдағы жалынның да бүтін менің.
Өзіңмен бірге тілек, намысым да,
Мен бармын өткен күндер ағысында.
Жоғалтарсың,
Қайтадан жолығарсың
Сені іздеген жүректің дауысына.
Бекер емес өткеннің саған бәрі,
Көңілдің борандары,
Жүректің жана алмауы.
Мүмкін емес бәрі де бір күндері
Есіңе оралмауы.
Таныс үйдің қақпасы жолыңдағы,
Кірпіктердің ұйқыдан жаңылғаны,
Түсіңе енген сол әйел
Сені күткен,
Ұмыт болу мүмкін бе соның бәрі?
Жарысып найзағайдың күркірімен,
Ұша бер,
Сірә, неден іркіліп ең?
Қатты жел қанатыңа соққан кезде
Есіңе ораламын бір күні мен.
Кетерсің,
Үнсіз мені сүйіп көріп,
Кетерсің,
Кеудеңе мұң, күйік толып.
Бір кезде шырқап жүрген аспаныңнан
Көрінер менің еңсем биік болып.
ТҮНГІ СТАНЦИЯЛАР
Түнгі станциялар
Пойыздың қарсы алады барлығын да,
Оның кім үңіліпті тағдырына?
Шамдары жылтылдайды,
Ал оның пойыз күтіп,
Жүрегі бір тынбайды.
Түнгі станциялар
Айқай салып қалатындай,
Бейне бір өткен күнді
Қайтаруға болатындай.
Түнгі станциялар
«Тоқта!» – деп пойыздардың
Соңынан айқайлайды.
Бірақ, бірақ
Өткенді ешбір күшің қайтармайды.
Тек шырақтар
Каренина көзіндей жаутаңдайды…
ТҮС
Түсімде жабырқап тұр екем
Жанында ескі бір мешіттің.
Қай ғасыр, әлде қай жыл екен,
Бұл жайлы мен қашан есіттім?
Жүйріктер түскен бір саудаға
Шуы мол базардың шетінде.
Үреймен айнала таңдана
Қолымды басамын бетіме.
Хабарын айтшы деп жалынам
Мейірімсіз мелшиген Аллаға.
Айрылып арғымақ жалынан,
Мертігіп қалды ол қай далада?
Ол қалай құлайды атынан,
Өзгеден еді ғой айлалы?!
Ал менің басымды қапыда
Еріксіз басқаға байлады.
Мен үшін төлемге қырық қой
Айдап кеп тұр біреу қақпаға.
Ал менің кеудемде күдікті ой,
Қанжарға қол созып жатқанда…
Жалындым өзіңе «Аллам» деп,
Естідің. Құтқардың. Арман жоқ.
Кім еді бұл өзі, қай мезгіл?
Сәл тоқта!
Ол күндер әлі ұмыт болған жоқ.
Құрметті оқырман, ақын Ақұштап Бақтыгерееваның басқа да өлеңдерін сайттың іздеу жүйесі арқылы тауып алуға болады.