(Өнербек Жанбалаға)
Асаудан бәлкім құлауы,
Жабысып қайта жалына.
Даланың ұлы туады
Ауыл мен ару бағына.
Қалдырып құмда мекенін,
Қалдырып баба моласын.
Өзі іздеп содан кетеді
Өмірдің көкпар додасын.
Жолдарды қуса не түрлі,
Тізгіндер тірлік құйынын.
Өмір де жеңіл секілді,
Жеңе алса алғаш қиынын.
Ысырса бұлтын күдіктің,
Әрнеге жүрмей қайғырып.
Келтірер сәнін жігіттің
Домбыра және сәйгүлік.
Жаралған тегі асылдан,
Маңдайын сүйген таң нұры.
Сарқыт боп жеткен ғасырдан
Марқасқа ердің қалдығы.
Көмейден әнмен дір еткен
Төгіліп тұрған шын сыры.
Досым деп соққан жүректен
Естіліп тұрған дүрсілі.
Жүзеді көкте Ай-кеме,
Сездіріп нұрдың мазмұнын.
Келеді жүйткіп бәйгеде
Құмдағы туған боз құлын.
Ақұштап Бақтыгереева