Жыр оқып шықтым залдардан

Жыр оқып шықтым залдардан,
Құшағым толып гүлдерге.
Құрметке көңіл алданған
Масайрап күліп жүргенде.
Қызғалдақ ғұмыр, қыз дәурен
Зу ете қалды-ау бір демде.
Құсындай еркін аспанның
Аэропорт ұшақ қондырған.
Құрметін көрдім достардың
Гүл алып шыққан алдымнан.
Шүкірлік тілеп келемін
Гүл сыйлап тұрған тағдырдан.
Аралас кейде қайғымен
Мереке қанша өмірде.
Мерекесіз-ақ жай кілең
Гүл қоям үйдің төріне.
Есіме салып жастықты,
Болсын деп демеу көңілге.
Тамырсыз гүлдің, таңданам,
Ғұмыры ма еді бар қайғым?!
Уақытша соған алданам,
Аңқау ма, әлде, қандаймын?
Алдағандай-ақ өмір аз,
Өзімді өзім алдаймын.
Алдадым солай өзімді
Жұлынған гүлмен үлбірек.
Шындыққа жұмып көзімді,
Жаттадым жалған жырды кеп.
Талайға көнді даланың
Жусанын сүйген бұл жүрек..
 
Ақұштап Бақтыгереева

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *