ЕРЛІКТІ КӨЗБЕН КӨРГЕН КҮН

 
(Ақын Жұбан Молдағалиев рухына)
 
Желтоқсан – 86, ызғарлы күн,
Мұз бен қар жылжығандай құздан бүгін.
Өттің де астан-кестен ойда жоқта,
Артыңа ұмытылмас із қалдырдың.
Айтамыз ертегі етіп ол күндерді,
Батыр деп мадақтаймыз жөн білгенді.
Халыққа Жаңа жылдық сәлем жолдап,
Жазушылар үйіне Колбин келді.
Біреулер бастық көрсе қуанатын,
Біреулер жалпылдайды сұрап атын.
Бір кезде жазушылар мінбесіне
Барады көтеріліп Жұбан ақын.
Қазақша акцент, толқыған қатал үнмен:
«Замандаспыз, – деді оған, – қатар жүрген.
Желтоқсанның көргенше он алтысын,
Бір күн бұрын батсамшы батар күнмен.
Қорғағанмын жаудан мен Совет елін,
Әлі күнгі Отанды ән етемін.
«Мен – қазақпын» деуші едім, біле тұра
«Шовинизм» дегеннің бар екенін.
Ұрпағыма халім бар не дер енді,
Қорладыңдар бұл қазақ деген елді.
Қыздарымды сүйретіп бұрымынан,
Ит таласын деп пе едім немеремді?
Ақынша айтсам, «ұлы елдің» бұл мазағын,
Менің далам көтерді күллі азабын.
Тың жерімді игерген бауырларың
Тракторге таптатты қыр қазағын.
Оныңа да шыдады халқым менің,
Берді емес пе билігін, алтын кенін.
Тұңғыш тұрсың алғашқы дәмін татып,
Түсінбейсің, замандас, салтын елдің.
Бір еместей өзіңмен жолым бүгін,
Мен айтпасам, паш етер сорымды кім?!
70 жылдай, құрбым-ау, келесіңдер
Пайдаланып қазақтың момындығын.
Деп үйреттің мәңгүртсің, бәрің надан,
Тіл мен діннен айрылды елім, далам.
Кеше алаңда сабаған – сенің тегің,
Ал таяқты жегендер – менің балам.
Ақын жүрек тартуда содан қайғы,
Шыдамаспын айтпауға жарам жайлы.
Кешір мені, замандас, осы жолы
Жұбан саған пікірлес бола алмайды».
Намыс пен кек түнеріп қабағында,
Мұң аралас жас тұнып жанарында.
Ел алдында арқадан жүгі түсіп,
Ақын тұрды тазарып ар алдында.
Тынып қалды зал тегіс күбірлемей,
Бір адамның жанары күлімдемей.
Біз отырдық төб еден жай түскендей,
Арқамыздан құмырсқа жүгіргендей.
Кетті залды ақынның өртеп демі,
Әлі есімде – біреулер селт етпеді.
«Отыз жеті» қуғынын көрген сорлы
Қол соғудан сескеніп, жер тепкені.
Жұбан – бөрі, өзгелер – қояндардай,
Колбин жүзі сәл қанға боялғандай.
Зал гуілдеп, бір кезде жер солқ етті,
Ұйқысынан бар қазақ оянғандай.
 
* **
Жұбан аға, ғашық ең гүл-өмірге,
Сызат түсті-ау сол күні жүрегіңе.
Әлі айтады көргендер ерлігіңді,
Қадіріңді көрмеген біледі ме?
Санасыздар тыңдады, күлді, кетті,
Уақыт өтті жаралап бір жүректі.
Сен қасқайып тұрғанда, сыр білдірмей,
Қолыңдағы ақ парақ дір-дір етті.
Сонда сенің сөзіңді ерлік дедік,
Біз ерлікті көзбенен көрдік дедік.
Одан кейін тағы да қалған қазақ
Руларға араны бөлдік келіп.
Елдік емес, ісіміз бас пайдалық,
Ертеңгіні жатпаймыз әсте ойланып.
Қол соққанмен сөзіңе, өлгеннен соң
Қабіріңе тоғыз жыл тас қоймадық.
 
* **
Аға, бүгін Ақ Жайығың сағынды,
Ақ толқындар іздейді ұлын арынды.
Бұл күндері айтушы да сиреді
Сауық кеште «Еділ-Жайық» әніңді.
Қазір елде тұлпар тозды бәйгілік,
Есеп білсе, жабы озды жәй жүріп.
Кітабың да, жырларың да жетімдеу,
От пен сусыз дірдектейді Сайқұдық.
Ертеңгі күн көз алдайды сағымдай,
Өмір болса қысқа қамшы сабындай.
Қамыс та жоқ, ағыс та жоқ, тым-тырыс
Айдынынан аққу ұшқан Бағырлай.
 
* **
Бұл күнде, аға, менің мұңым басым,
Өжеттік кездеспей тұр жырымда шын.
Қалыпты арғымақсыз сен туған құм,
Бір жазда бар жылқысы қырылғасын.
Ұшпай тұр қарағайдан таңда қыран,
Уланып өлді ауадан арда құлан.
Кем-кетік ұрпақ өсті ауылыңда
Қырық жыл полигонның зардабынан.
Құдайға қарап тағы отыр елің,
Тазартып сай-құдығын, шоқы-белін.
Көгілдір ту көтерген еркін елге
Білмеймін, сен қандай жыр оқыр едің?..
 
* **
Шаттыққа, тірі болсаң, кенелерсің,
Сөйлейсің бізден ірі, бөлек ерсің.
Сен тағы «Қазақпын» деп жар салар ең,
Өйткені өр ақынсың, көрегенсің.
Саңқылдап еркіндікте ғажап үнің,
Халқыңның баяндай кеп азабын мың.
 
Жалқауын, күншілдерін, аярларын –
Бәрін де құшақтар ең қазағыңның.
Ғажап қой пейіл деген, төзім деген,
Сен шығар бар қазақты өзім деген.
Сипасаң маңдайымнан «Қызым бол» деп,
Менің де жетімдігім сезілмеген.
Ақын ең ұлтыменен мұңдас жаны,
Қазағың әлі ешкіммен сырласпады.
Жан аға, жазылмай тұр еркін елдің
«Мен – қазақпын!» сияқты бір дастаны
 
Ақұштап Бақтыгереева

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *