Ұл тапты ана.
Сәбиін шат көргенге.
Жорыды тағдыры үлкен бақ бергенге.
Өтті уақыт.
Жүрді әйел той өткізіп,
Әскерден сол ұлынан хат келгенде.
Тоқ жүр ме екен,
Тоңбайтын тоны бар ма?
Соны қатер тұрғандай торып алда.
Түстен шошып оянып, жұбанатын
Жақсылыққа көршілер жорығанда.
Уақыт өтті.
Ұл келді.
Көңілді ана.
Күтпегенді сыйлайды-ау өмір-дана.
Ұнатпады әйелді алғаш күннен
Бөтен жақтан әкелген келін бала.
Келін бірден енесін ұнатпады,
Баласына хал-күйін сұратпады.
Көшіп кетті алысқа, қалды анаға
Беймәлім боп олардың тұрақтары.
Тірі бала күйігі кете ме естен,
Ел-жұртынан бөлініп жеке көшкен.
Жалғыздықтың кешкен бір қасіретін
Қариямен амалсыз некелескен.
Екі жарты бір бүтін болып әлгі
Жүрген тағдыр қимады оны-дағы.
Шал өлген соң,
«Баласыз қубаспын» деп,
Қартайғандар үйінен орын алды.
Ақұштап Бақтыгереева