Сен ең негізісің –
Жырымның тақырыбының
Кенейткен ақын ұғымын.
Сен жайлы жазатын өлең
Көкейде жатыр, құлыным.
Ойларың озықтау болып,
Менімен таласармысың,
Сен тыңға жол ашармысың?!
Әйтеуір келер таңдардың
Жұмбақтау болашағысың.
Еліңнің ертеңі – сенсің,
Меншігің мен емес, балам,
Еш нәрсе тең емес саған.
Адамзат ұрпағысың сен,
Еш байлық сенен аспаған.
Аялап өсіргім келіп,
Аймалап айналсам дегем,
Сен бірақ ойлансаң дер ем.
Аналық үміт-арманға
Әрқашан сай болсаң деп ем…
Мен саған сенем!
Ақұштап Бақтыгереева