Жан апа, шыңым – арман, қырымда – гүл,
Тек солар шақыратын бұрын да кіл.
Оралған мекеніне жыл құсындай
Мінеки, келіп тұрмын жылында бір.
Қуқыл өң, қашып кеткен шырай беттен,
Сен едің қуаныштан жылай жеткен.
Мен бірақ көп сөйлеспей,
«Шаршадым» деп,
Төріне туған үйдің құлай кеткем.
Тамшыны жанардағы жасырмақпын,
Көрмесін дедім барын шашымда ақтың.
Үн-түнсіз қолтаңбаң бар текеметке
Сағынған көкірегімді басып жаттым.
Бір кезде мені осы үйде дара бақтың,
Қайтейін, оралар ма ол ғаламат күн?!
«Құлыным көзін іліп алсыншы», – деп,
Есіктен жайлап шығып бара жаттың.
Келер деп дайындапсың дара бөлме,
Онсыз да рахат көп қой маған елде.
Ауылдың бар дауысын аңсап келдім,
Жан апа, есіктерді жаба көрме.
Болғанмен бесік жырың, бар қызығың,
Құлақта қалған алыс ол бір ызың.
Есікті жаппа, апатай, бұл тірліктің
Шуына бейімделіп болды қызың.
Әуреге түспе, оңаша баға алмассың,
Мұқалмай тұрмас жүзі ақ алмастың.
Сен мені бұл тірліктің дүрмегінен
Бәрібір оқшау сақтап қала алмассың.
Ақұштап Бақтыгереева