Сен Жайыққа айт, ерке қыз келеді де,
Өлең жазып ақ көйлек желегіне.
Сағынышы басылмай жүр дегейсің,
Құлаш ұрып қайтпаса тереңіне.
Сен Жайыққа айт, көргенде анау ағын,
Аққан кезде аймалап жағалауын.
Дауылымен қанатын қайтармаған,
Келетінін сонда өскен шағаланың.
Туған жерін сағынбай шыдай ма адам?
Наз артпасын Жайығым бұлай маған.
Кез болды де өзіңдей көктемдерде,
Өмірінің арнасын ылайлаған.
Көрген жоқ де бірақ ол ойдан налып,
Ән салды де жасқанбай тойларда анық.
Елең етпей күңкілін пенделердің,
Жүреді де өзінше жайраң қағып.
Сен Жайыққа айт, жолдас боп ездерменен,
Жағымпаз боп көрмеген, сөзге ермеген
Қызың жүр де бір мінез – өмір кешіп,
Сен сияқты арнада өзгермеген.
Ақұштап Бақтыгереева