САМОЛЕТТЕ

 
Көп адам айтқан да жоқ оған өкпе,
Мұндайда сөз де шығын қарабетке.
Итеріп балалы әйел, қарт ананы,
Жас жігіт көтерілді самолетке.
Басқалар дегендей-ақ көрді «ерлігін»,
Байқатып өз күшіне сенгендігін,
Керіліп орындыққа жата кетті,
Жеріне жететіндей елден бұрын.
Түрі жоқ тілдесетін ол басқамен,
Қыз үні жалт қаратты:
– Жолдас! – деген, –
Болмай тұр денсаулығым, терезеге
Бір орын жылжысаңыз болмас па екен?
Жас жігіт қыз бойына қарап көрді,
Айнала бос орынды санап берді:
– Билетте көрсетілген өз орнымда
Отырмын, тұрмаймын! – деп жауап берді.
Шалқайды соны айтты да ерегісіп,
(Адамдар көргенсіздеу неге пасық?)
…Қанатты лайнерлер ғасырында
Аспанмен қанатсыз да келеді ұшып.
 
Ақұштап Бақтыгереева

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *