Сырыңды ашық айт шешіліп,
Тек қана көзіме тік қара.
Қалт бассам, бір сәтке кешіріп,
Доспын деп ісімді құптама.
Қатемді жасырып өзімнен,
Өзгеге отырма жайып сап.
Дос болсаң, ең ауыр сөзіңмен
Кет сонда өзімді айыптап.
Сағынып, аймалап өтірік,
Қарсы алма жүзіңде нұр жанып.
Сөзіме сын таға отырып,
Қарама соңымнан ұрланып.
Дос болсаң, адал бол қайда да,
Жақын кел бір қатер төнгенде.
Ор жаққа итеріп тайғанда,
Оң сапар шыққанда қол берме.
Ақұштап Бақтыгереева