Ақ көжек

Сені алғаш көрдім
Ақ құйын дүлей ақпанда,
Жылы орын іздеп шатқалда,
Зуылдап бара жатқанда.
Ұқсас ең онда, ақ көжек,
Бір уыс таза ақ қарға.
Қызығып тұрдым
Ауаның суық шағында,
Қаңтардың сол бір таңында.
Шомылтып мені ақ сағымға,
Елесі болып пәктіктің,
Сақталып едің жадымда.
Қайтадан көрдім
Бусанған белдер көктемде,
Тау шыңын самал өпкенде.
Жолымды кесіп өткенде,
Шошынып қалдым,
Жотаңа
Біреу құм шашып кеткен бе?
Одан соң көрдім
Күзінде қоңыр даланың,
Жаутаңдап үркек жанарың,
Ағарып жалғыз тамағың,
Дірілдеп тұрдың сенімсіз,
Кеміріп талын жағаның.
Тамғанын сездім
Өкініш жасы жанардан,
Ызғардай бойға таралған,
Кеудемде мұң бар қамалған.
Қайтейін, сенше өзгерген
Менде де болған ақ арман.
 
Ақұштап Бақтыгереева

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *