Он бес жас

Гүліне елеңдеп даланың,
Бойымды әсем ән билеген.
Бір кезде мен аңқау баламын
Өкшелі туфли кимеген.
Маған жат сауық кеш, би деген,
Серуенге көңіл де бөлмеп ем.
Шашымды реттеп түймегем,
Бұрымды сәнімен өрмеп ем.
Тек қана құмармын ойынға,
Жоқ менде ойлану, жабығу.
Кіріп те шықпайтын ойыма
Анамнан басқаны сағыну.
Он бес жас, о, неткен тамаша,
Бір жұмбақ сезімтал күйге ендім.
Ұрланып өзгеден оңаша
Айнаға қарауды үйрендім.
Жүрегім кеудемде тулайды,
Кейде өз-өзімнен қуандым.
Айнала дүние жырлайды
Махаббат әніне құмармын.
Жүрегім кеудеме сыймайды,
Балалық мінезді ұмыттым.
Жанымды себепсіз қинайды
Жаутаң көз жанары жігіттің.
Жігіттер бас иер дедім бе,
Кішіріп алдында басқаның.
Қыздардың қасиеттерін де
Мен енді түсіне бастадым.
 
Ақұштап Бақтыгереева

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *