Ақан Серінің өлеңдері

Ұрқиядан айрылғанда

Мен саған Ұрқияжан, болдым ғашық,
Ойласам жүре алмаймын қадам басып.
Бір күн бе, екі күн бе мен айрылдым,
Қалам ғой жалғызсырып енді жасып.
Серігім, мәңгілікке жан жолдасым,
Қиылған айдай сұлу қара қасың.
Лепіріп жүрек шіркін тасып еді,
Білмеймін кез боларын қандай нәсіп.

Көкшетау

Көкшетаудың биігі,
Бауырында ойнар киігі.
Ғашық болған Қаракөз,
Қашан тарқар күйігі?
Қайырмасы:
Ау-ей, Қаракөз,
Сен жұбайым,
Қаддың-ау кейін,
Мен не дейін?..
Көкшетаудың басында,
Қалқам тұрса қасымда.
Артық туған бала едің
Ғашық болған жасымда.
Қайырмасы:
Ау-ей, Қаракөз,
Сен жұбайым,
Қаддың-ау кейін,
Мен не дейін?..

Сараң Әйелдің күйеуіне

Қуарыңқы тартыпты сақал-мұртың,
Жеңгейдің ұнатпадым ниет-құлқын.
Тұрмысың тұрпатыңның бәрі жақсы,
Кім еді, түсіндірші, қайын жұртың?
Бұл жеңгейді жақсылап бағу керек,
Шырағын жұрттан асыра жағу керек.
Мейманға сараңдығын қоймас болса,
Азуын алты қарыс қағу керек.

Құрметті оқырман, Ақан Серінің кез-келген өлеңін һәм әні сайтымыздың іздеу жүйесіне жазып тауып аласыз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *