Мұқан:
Ақан, сен білем дейсің әрбір жөнді,
Қайғыға сонша неге ішің толды?
Бойыңда ауруың жоқ, сырқауың жоқ,
He себептен насыбайға құмар болдың?
Ақан:
Ақанды ел еркесі сері дейді,
Асылзат ақылды ердің бірі дейді.
Ой шіркін ойды-қырды шарлағанда,
Насыбай көңіл алар шіркін дейді.
Мұқан:
Айтсам да Ақан сөзді біле алмайды,
Ұғынып, кішілік қып тіл алмайды.
Шалдарға насыбай ату жараспайды,
Бірақ та Ақан оны қоя алмайды.
Ақан:
Көңлімді барлық ойым қамалайды,
Көбіне көңіл тоқтап тұра алмайды.
Бәрінен тегіс жұда болу қиын,
Мұқандар біздін жайды біле алмайды.
Шақшамды қағып-қағып атсамдағы,
Кей қыздар өзі келіп жағалайды.
Мұқан:
Бұл сөзді ұнамайды бастағаның,
Жақсыны жаман етіп тастағаның.
Бойыңа насыбайды дару етіп,
Өзіңе қарсы келіп қастағаның.
Тазалық әр адамға керек нәрсе,
Келіспейді өзінді ластағаның.
Ақан:
Айтылған Стамболда мұның сөзі,
Сұрайық ғалымдардан болса кезі.
Денеге бір жақсылығы бар дейді ғой,
Сол үшін тараған ғой мұның өзі.
Арақтай жаман емес білгендерге,
Бәрін де молдалардың көрген көзі.
Мұқан:
Топырақтан жаратқан адам тәнін
Кітапта айтады ғой барлық мәнін.
Адамға қалағаны керек нәрсе,
Сүймесе салар ма еді барлық жанын.
Бірақ та насыбайды лас дейді,
Адамның уландырған барлық тәнін.
Ақан:
Жоқты айтып сөйлей бердің әрбір неге.
Ақанды көре алмайсың сендер неге?
Серінің ел сүйетін қылығы бар,
Сөзімді қор қыламын саған неге?
Домбыра, насыбай мен ер сипаты,
Салдарға жараспасын бұлар неге?