Шоғырмаққа

Шоғырмақ, талай жерді бүлдіргенің,
Дос жылатып, дұшпанды күлдіргенің.
Түлкідей шыңнан қашқан бұлаңдаушы ең,
Төскейде ақиыққа ілдіргенің.
Шоғырмақ бұл уақытта шықтың қайдан,
Келді ғой тосу деген бір Құдайдан.
Қиянат-зұлымдықты ойлаушы едің,
Енді мен астым ғой деп Атығайдан.
Қолында Әубәкірдің талдан таяқ,
Шоғырмақ, соғысып ең аянбай-ақ.
Тоғыз жыл болосной боламын деп,
Семіріп кетіп едің шошқадай-ақ.
Омбыдан іс келгенде қалдың сасып,
Жөнелдің Қызылжарға қадам басып.
Үйіңде бір мезгіл де тоқтай алмай,
Есілдің ар жағына кеттің қашып.
Қашсаң да ер сұраған қуып жүрген,
Ажалға шыбын жаның жуық жүрген.
Қаныңды қайда барсаң ішемін деп,
Беліне алмас қылыш буып жүрген,
Көңілің знак, мөрге суып жүрген.
Баласы Жілжегеңнің алтындарым,
Дұшпанға тиіп жүр ғой салқындарың.
Әр жерде аю батыр қысып жүр ғой,
Кісінің Шоғырмақтай алқымдарын.
Жәрмеңке «болснойда» жиын болды.
Сол жерде бір азырақ сыйың болды.
Ісіңді Абрамович тексергенде,
Мөр беру жан беруден қиын болды.
Арбасы Әлібектің дүрілдеген,
Табаны Шоғырмақтың дірілдеген.
Бетіне Шоғырмақтың қарағанда,
Екені жанды-жансыз білінбеген.
Қалтаңа үш мәртебе қол салғанда,
Знакқа тура қолың ілінбеген.
Ақбұзау болосной болған шақта
Андағұл, Ырсай болып күлімдеген.
Кеудеңді жолбарысқа талаттырдың,
Мұрныңды қысуменен қанаттырдың.
Жағасын дүрия камзол дал-дал қылып.
Қатынына Саполаттың жаматтырдың.
Жаныңда қайда кетті азбандарың,
Секілді шілдің боғы тозғандарың.
Аяғы арыслан боп сынған екен,
Аспанда ора алмастай перде салып,
Намрут — Шадат секілді азғандарың…
Бұл күнде мен бір торы арқам жауыр,
Өкпем жоқ, ішім толы бәрі бауыр.
Алыстың найза салған жарасынан,
Жақынның инесімен түрткені ауыр.
 
Ақан Сері

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *