Ақшабақ

Қызы бар Әлібектің Ақшабақтай,
Жүруші ем заманымда қызды жақтай.
Бас жігіт Әлібектің Есемберген,
Қасымда о да келеді қызды мақтай.
Ақшабақ қыз шолпаны, Ақшабақтың,
Әкесінен қорқып жүр ешкім батпай.
Есіткен соң бір жүмбақ жаздым арнап,
Қалар деп оған арнай жауап таппай.
Бір жар бар іші жәуһәр жұртқа машық,
Сол затқа жүрген жанның бәрі ғашық.
Жан-жағы төрт атырапқа емес ашық,
Қалайша бересіңіз кілтін ашып?..
Бір нәрсе затсыз, нұрсыз ауырлайды
Өлшеуі қандай десең табылмайды.
Қаншама ауыр, жеңіл десектағы,
Безбенге баға беріп салынбайды.
Қолымда майсыз жанған бір отым бар,
Түтінсіз аспан көкті жалындайды.
Сөндіріп сол жалынды бермесеңіз,
Қаудан жердің өртіндей дауылдайды.
Бұл хатты қолына алды Есемберген,
Білім-өнер кұтылмас Ақан серден.
Жұмбағын арнап жазған ол серінің,
Апарып Есемберген қызға берген.
Ақшабақ Ақан хатын қолына алып,
Ынтызар оқып естіп көңіл бөлген.
Шешейін жұмбағыңды жолыққанда
Кездесер жерін айтар Есемберген.
Ақанды Есемберген ертіп келді,
Бұралған тал шыбықтай қызды көрді,
Екеуі сұхбаттасып ойнап-күліп,
Ақанға жолыңыз деп жүзік берді.
Жүзігін Ақан алды қыз берген соң,
Уағдалы жеріне ол келген соң.
Әзіл қып Есемберген айтып қалды,
Жүзікті қырық жігіт көргеннен соң.
Кім құр қалар, Ақан-ау, олжаңыздан?
Қасыңа қимас достар ергеннен соң,
Тұмардай қып сақтайын жүзігіңді
Құрманың жемісіндей кенелген соң.
 
Ақан Сері

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *