Қажылар, бардың Мекке-Мухарраға,
Жанында Мадина бар тұрған дара,
Ішінде бұл жиһанның абзало орын,
Жаратқан Мүкаррам ғып хақ-тағала.
Ол жерде Хазірет-Расул жатқан дара,
Таратқан мұсылманға жолын сара,
Ауқаты бар адамға болар уәжіп,
Хадисте айтып кеткен Хайрул-Уәра.
Үзіліп бақ-алмасы піскен жері,
Қайғысыз бал-шарапты ішкен жері,
Хазірет-Жұсып анасын қою үшін,
Түймемен бұғау жасап түскен жері.
Фажир-ана Хазірет-Исмағұлдың
Кірін жуып, кіндігін кескен жері,
Құдіретпен сол жерден Зәмзәм шығып,
Талай өкше құм-тасын тескен жері.
Жаннаттың анһарынан кәде келіп,
Шешманың шешмаларын шешкен жері.
Тауына минатының құрбан шалып,
Исмағұл, Раббым Алла дескен жері.
Қажылар зиратқа оқып, көріп қайтқан,
Тақсырдың сол маңайда көшкен жері.
Аспаннан төрт бұрышты түскен тастың,
Қайнаған бауырдай боп піскен жері.
Хазірет пен Мұсаны елші етіп,
Бір Алла құдіретімен сүйген жері,
Үлкен-кіші құранды берген Алла,
Фананың һауасымен аян берді.
Жай жатыр дүниелігін бермеген жан,
Рахметке қолын сілтеп сермеген жан,
Шәһарын Ыстамболдың көрмеген соң,
Шынында бұл дүниеде болмаған жан.
Толықсып нұры көкпен таласқанда,
Жолынан ант бұзғандар адасқанда,
Бір белгі хор сайында қалған екен,
Хазірет Ғайса тақсыр көкке асқанда.
Саясат әскері бар қол секілді,
Қазына алтын, күміс, қор секілді,
Пайдалы іші-сырты баһар дейді,
Махаббат дұшпанына қаһар дейді.
Жер екен іздейтұғын дінге ұйыса,
Емес қой Тәңір жазып жақын қылса,
Тоғыз жүз тоқсан терезе бар,
Ішінде бір мешіт бар намаз қылса.
Онда бар пайғамбардың мұғжирасы,
Емес қой ол тақсыр да діннің қасы,
Пайғамбар түкірігімен бекітілген,
Дейді ғой Айсофия мұнарасы.
Ақан Сері