Науан Хәзіреттің көңілін сұрауы

Құдая, мұсылманды дінінде қыл,
Өзіңнің өзгермейтін тіліңде қыл.
Фәнидің өмірінен өткін шағым,
Ораза, құрман айты күнінде қыл.
Тәніммен ғазиз жаным айрыларда.
Кәлима шаһадатты ділімде қыл.
Сауалын періштелер сұрағанда,
Жауабын ауырлатпай жеңілдеу қыл.
Тіріліп, қабырдан бас көтергенде,
Есіміңді Раббым Алла тілімде қыл.
Сап құрып махшар халқы тұрған шақта,
Ертеде Кеухмат болған еліңде қыл.
Қолында Арслан-ғали нұрдан кесе,
Сусынын Хаус-Кәусәр көлінен қыл.
Ақ туын пайғамбардың көтергенде,
Маңында жырық қылмай түбінде қыл.
Тілеймін рахатыңды қолым жайып,
Сұрауы бір өзіңнен болмас ғайып.
Есепсіз қазынаңнан гауһар шашып,
Молығып гарифтерің кетер байып.
Әзәзілдер кез болса осы шақта,
Кетпей ме, теріс жаққа аяқ тайып.
Тілектескен кісіңді зор етесің,
Біреуге бақыт, дәулет мол етесің.
Үмітін рахымыңнан үзген жанға,
Лағнет алған Ібілістей қор етесің.
Тілеймін рахымыңды мен бір фақыр,
Сұрайтын мұқтаждығым толып жатыр.
Жолымнан мұсылмандық адастырмай,
Мол тауфиқ иманды бер, қылмай тақыр.
Сөздерін ғалымдардың жатта деген,
Хақ жолдан бұрыс қадам баспа деген.
Құранда көрсетілген сүресі бар,
Бетінен сұраушының қақпа деген.
Құдайым, қыл көпірден өзің сақта,
Тайдырмай аяғымды бөтен жаққа,
Сүйікті Хабибіңе қолым жеткіз,
Жығылып кетейін деп тұрған шақта.
Иншалла қабыл еткін бұл сөзімді,
Бас иіп, бата қылған сол кезімді.
Пендесін қай орынға қоям десе,
Ыхтияры Алланың бір өзінде.
 
Ақан Сері

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *