Хазірет қайғы боп тұр Атығайға,
Тимей тұр Қарауылдан ешбір пайда.
Меңдікен, Нүрке, Әлібек, Кенжеболат,
Төрт арыс секілді еді Жаулыбайда.
Жұрт үшін ақ патшаға алты барған,
Қанеки Шұңғыршада Шөбек қайда?
Жақсылық, Ыбырай, Серкеш, Жансақалбай.
Қазық боп жатушы еді Есенбайға.
Осындай жұрт көбіне мирас болған,
Қарауыл бас қосатын салты қайда?
Көдей, Қантай, Шоқтыбай, Өтеп, Жазы,
Ұран can шығатұғын қарағайға.
Қылды-ноғай Тайқошқар, Бейтінбек пен
Құттымбет, жаңа батыр Шопан қайда?
Есетұлы Мәседді қандай еді,
Бетін түзеп салғанда екі дайға.
Хазіретпен хабарласпай жатар ма еді,
Бар болса сол жақсылар осындайда.
Тоқтамыс, Құлжан, Бейсен, Маңдай,
Торсықбай, Молдағара, Абай, Жанбай.
Қойлы Атығай, Жансүгір, Қожағұлдың,
Айтқанын бұзушы ма еді күллі Атығай?!
Екі Тоқа, Зілғара, Шопан, Жолдыбайым,
Әлібек, Сұраған мен Жарқынбайым.
Toп жарып көсемдіктен сөз сөйлейтін,
Шіркін-ай, өтіп кетті Сандыбайым.
Жақсыдан сол секілді калғаны жоқ,
Нашардың қолы қысқа дәрмені жоқ.
Бұл күнгі байларменен ел адамы,
Толатын он қадақтай салмағы жоқ.
Ақан Сері