Ұзатылайын деп жатқан қызға

Ешнәрсе ойламайды қыз жасында,
Атаның бұлғақтайды ордасында,
Қадыры ата-анаға ұлдан артық,
Бөтеннің тең көрмейді мырзасына.
Әлпештеп өсіреді ата-анасы,
Кей қыздын ұлдан артық даражасы.
Сүюге ұл мен қыздың бәрі бірдей,
Туған соң бөтені жоқ өз баласы.
Күйеуге берер қызды малын алып,
Бұрыннан келе жатқан ескі қалып.
Мезгілі алатұғын болғаннан соң,
Қожақтап күйеу келер күнде салып.
Ойлайды ата-анасы берейін деп,
Қызығын шырағымның көрейін деп.
Ойында ешнәрсе жоқ жүрген байғұс,
Көрісіп көрінгенмен жылайды кеп.
Қыздын көп уайымы мен әңгімесі,
Өзінің сол уақытта қалмайды есі.
Ата-ана, ағайын мен құрбы-құрдас,
Артында қалып барад аға-інісі.
Сыланар тоты құстай қыз оң жақта,
Лайық не қылса да ол уақытта.
Көрсе де қанша қызық өз елінде,
Кеткен соң әркім-ақ би ол бейбаққа.
Қуанар келініне түскен жері,
Ұзатты қадырменен туған елі.
Келіншек бүгін, ертең келеді деп,
Қатынның желігеді көңілдері.
Қыз аты қойылады ол жерден-ақ,
Қазақта болған әдет ежелден-ақ.
Ажарын келіншектің көремін деп,
Мазасын кетіреді әркімдер-ақ.
Ойбай-ау, бізге сәлем етпейді деп,
Желігіп көңілдері жаманырак.
Бір жақтан бала-шаға, келіншек деп,
Күн қайда айтатұғын «Әрі кет!» деп.
Екенін жақсы, жаман қайдан білсін,
Ол байғұс ұялады бүгежектеп.
 
Ақан Сері

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *